Арқа ауылында ерлермен бірге нәзік жандар да қара жұмыстан қалыспайды. Солардың бірі – “Алтынсарин” ЖШС-не қарасты екінші бөлімшеде мал азығын тасып, бұзауларды бағып жүрген озат малшы Гүлнар Рахметова.
Ол осында 1998 жылдан бері еңбек етеді. Гүлнар бұл жерде еңбектің шын бағаланатынын айтты. Атап айтқанда, өткен жылдың соңында серіктестік атынан екі миллиондай теңге, яғни, он еселік сыйақы алыпты.
“Таңғы алтыдан келіп, бұзуалардың астын тазалап, базадан жем-шөбін тасып береміз. Жаңадан төлдеген бұзауларды енесінің бауырына салып, ауыздандырып, алғашқы уызына тойдырамыз. Қазір нағыз мал төлдейтін кезең. Күніне 4-5 сиыр бұзаулап жатады”, – дейді ол.
Айтса айтқандай-ақ, біз барғанда кезекті бір сиыр бұзаулап жатты. Бізге «құтты қонақ болдыңдар» деп алғыс айтып жатыр.
Арсен Қоңқаев
ҚӨУ студенті
Қамысты ауданы