Қамысты ауданы «Алтынсарин» ЖШС-не қарасты Арқа ауылындағы екінші бөлімшеде екі мың бас ірі қара мал басынан қазір 800-і қолда бағылады. Солардан жүздей бұзау бар. Екінші бөлімшенің бригадирі Төлеген Төлепов биыл қыстың жайлы болғанын айтады.
“Бұл жерде тек бұзалайтын малдар ғана. Мал азығы екі жылға жеткілікті. 7800 түк шөп қоры тұр. Ақпан-наурыз айы мал төлдейтін кезең. Менің қарамағымда отыз шақты адам жұмыс істейді. Малшылар, бұзау бағушылар, слесарь, электрик, механизаторлар. Олар таңғы алтыдан бастап осында. Арасында үйлеріне барып келеді. Төлдеген сиырлардың бұзауын қарап, малға шөп салып, ауыздандырып жатады. Қораны малдың қиынан тазалайды, қар жауған күндері базаны қардан тазартады”, – дейді бөлімше бригадирі.
Төлеген Төлепов Арқа жерінің тумасы, 19 жасынан сиыр бағып, малшылықтан бригадирге дейін көтеріліпті. Нағыз еңбек адамы. «Алтынсарин» ЖШС басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князовтің ұсынысымен Астанаға барып, мал шаруашылығы саласында білімін жетілдіріп келген.
Арсен Қоңқаев
ҚӨУ студенті
Қамысты ауданы