Осы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, Президент арнайы Жарлыққа қол қойды. Осы бастама аясында Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылындағы А.Нұрманов атындағы мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша «Мамандықтар әлеміне жол ашамыз!» форумы ұйымдастырылды.
Форумға 150-ге жуық оқушы қатысып, түрлі жұмысшы мамандықтарының маңызы мен ерекшеліктері туралы мағлұмат алды.
Байғабыл ауылының тумасы, өз ісінің шебері Дәуренбек Тұрғанов еңбекқорлықтың арқасында істен шыққан бірнеше трактордың бөлшектерін біріктіріп, жұмысқа жарамды техника құрастырып шығарғанын айтты.
«Ескі тракторлардың кейбір қондырғылары әлсіз болады. Оларды басқа техниканың бөлшектерімен алмастырып, жетілдіреміз. Нәтижесінде, бұл техника жаңа тракторлардан кем түспейді», – дейді Д. Тұрғанов.
Форум барысында әртүрлі сала мамандары оқушылармен кездесіп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары табиғатты қорғау саласындағы маңызды жұмыстар жайлы баяндады.
«Қазір экологиялық мамандықтарға сұраныс жоғары. Жастарды осы салаға тарту үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда», – деді аңшы-биолог Рымбек Досымов.
Сонымен қатар, мектеп асханасында аспаздыққа арналған мастер-класс ұйымдастырылып, оқушылар дұрыс тамақтану және тағам дайындаудың заманауи әдістерімен танысты. Ал Астана қаласындағы А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, ғылыми зерттеулер мен инновациялар туралы ақпарат берді.
«Форумның мақсаты – оқушыларға болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру», – дейді А.Нұрманов атындағы мектеп директоры Қуандық Шоңғалов.
Тимур ШАГИРОВ,
ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген Е. ТАЛҒАТҰЛЫ
Аманкелді ауданы