Қамыстыда қоғамдық монша ашылады

Қамыстыда қоғамдық монша ашылады

Әлеуметтік нысанды жөндеуге бюджеттен 6,5 миллион теңге бөлінді. Мердігері «Ильмур» ЖШС -мен  алдағы қырық бес күнде жөндеуін толық аяқтауға шарт жасалды.

Қамысты селолық округінің әкімі Бейбіт Меңдәулетовтің айтуынша, жалпы ауданы 336 шаршы метрді алып жатқан нысанның төбесі цинктелген  материалмен  жабылады. Жаңа қазандықтар қойылып, іші жаңа кейіпке енгелі отыр. Демалыс бөлмесінің қабырғалары әрленіп, соңғы үлгідегі  жарықшамдар орнатылады. Еденіне керамикалық плиталар төселеді. Ішіне  20 жиһаз қойылады.

 

“Өткен айдың ортасында нысанға екі қазандық сатып алу туралы келісім жасалды. Олар облыс орталығындағы «Костанай стройтеплокотл сервис» серіктестігінен жеткізіледі. Содан кейін ғана «Ильмур» ЖШС жоспар бойынша жөндеу жұмыстарына кіріседі”, – дейді Қамысты селолық округінің әкімі Бейбіт Меңдәулетов.

Қамысты ауданынының орталығында 2019 жылға дейін жұмыс істеп келген бұл  моншаның қазір тозығы жетіп, істен шыққан болатын.

Айта кету керек, бұл нысан 2008 жылдан бастап «Қамысты» ЖШС балансында болып келген. Қоғамдық монша сенімгерлік басқаруға өтіп, алдағы бірінші маусымда тұрғындар игілігіне беріледі.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу