Қамыққанға – қолдау, жабыққанға – жанашыр

Қамыққанға – қолдау, жабыққанға – жанашыр

Қостанай қаласында тұрмыстың тауқыметіне тап болған зейнеткерлерге, көмекке мұқтаж жандарға жедел жәрдем беретін арнайы орталық бар. Ол жерде азаматтарға психологиялық және құқықтық қолдау жасалады.

Мемлекеттік мекеме «Отбасын қолдау орталығы» деп аталады. Қобыланды батыр көшесі, 37 мекенжайында орналасқан. Былтырдан бері жұмыс істеуде. Алғашқы жылы «Өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларға (отбасыларға) арналған бейімдеу орталығы» мекемесінің бөлімшесі ретінде қызмет атқарды. Биылдан бастап арнайы орталық ретінде бөлініп шықты. Мекеменің ғимаратында 6 жатын орын бар. Психолог, заңгер, кейс-менеджер, әлеуметтік қызметкерлерден құралған 17 маман еңбек етуде. Орталықтың қандай қызмет атқаратынын және қалай жүгінуге болатыны туралы мекеме басшысы Айгүл Шәріпова қала әкімдігіндегі жиналыста баяндады.

«Біздің орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдардан дабыл қабылдайды. Көмекке мұқтаж жандардың үйіне жедел жететін мобильді топ бар. Жыл басталғалы бері 49 адамның тұрғылықты жеріне барып, тиісті көмек ұсындық. Мұқтаждықтарына қарай психологиялық, әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, кеңестер берілді», – деді Айгүл Маратқызы.

Отбасын қолдау орталығы қаладағы бірқатар мемлекеттік ұйымдармен етене жақын байланыс орнатқан. Ведомство аралық жұмысты үйлестіру үшін «FSM Social» ақпараттық жүйесі қолданылады. Жүйеге қазірдің өзінде 77 мемлекеттік мекеме қосылды. Жаңашылдық қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға берілетін көмекті қадағалап, мобильді топтардың жұмысын бақылайды, тексеріс қорытындысын назарда ұстайды. Мемлекеттік мекемелердің барлық мамандарын жүйеге қосу ісі техникалық олқылықтарға байланысты кешеуілдеп тұрған көрінеді. Мәселені шешу үздіксіз жалғасуда.

«Бірлескен жұмыстың нәтижесі ретінде бірнеше оқиғаны баяндағым келеді. Бас бостандығынан айыру орталығынан босатылған бір азаматша біздің орталыққа жүгінген болатын. Қостанай қаласының пробация қызметімен бірлесе оны тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырдық. Құжаттарын рәсімдеп, қайтадан қалпына келтіруге көмек көрсетілді. Мансап орталығымен бірге азаматты жұмысқа орналастыру мәселесін шеше алдық. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуына байланысты біржолғы төлемді алу мәселесі бойынша бірлескен жұмыс жүргізілді», – деп түсіндірді орталық басшысы.

Тағы бір мысал – бейтаныс қала тұрғыны көрші тұратын жалғыз басты зейнеткердің жағдайын айтып, орталықтан көмек сұрапты. Әлгі қария ұлғайған шағында жүріп-тұруы қиындап, қара басын әрең алып жүретін көрінеді. Күтімін жасар ешкім жоқ. Хабарламаны алған Отбасын қолдау орталығының мамандары бірден зейнеткердің үйіне барады. Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері үлкен кісіні медициналық тексерістен өткізіп, қорытынды нәтижесінде әжейді Дөненбаев 31А мекенжайындағы жекеменшік пансионатқа орналастыруға шешім қабылдайды. Арнайы медициналық бригада зейнеткерді пансионатқа жеткізіп салыпты.

Тұрғындар өтінішіне құлақ асып, дер кезінде қолдау жасайтын орталық қаншама адамның алғысына кенелуде. Бір ескеретіні, орталықтың көмегіне тек қана қиындыққа тап болған адамдар ғана жүгінбейді. Барлық азаматтар үшін есігі айқара ашық.

«Бізге хабарласқан азаматтардың арасында жағдайы қалыпты отбасылардың мүшелері, жұмыс істейтін адамдар, ата-аналар немесе түрлі эмоциялық күйзеліске тап болған қызметкерлер кездеседі. Қазіргі уақытта психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдаудың қажеттілігі жоғары. Сондықтан Отбасын қолдау орталығы барлық тұрғынды құшақ жая қарсы алады», – деп түйіндеді сөзін.

2025 жылдың үш айында орталыққа 66 өтініш келіп түскен. Ал биылғы бес айда 405 адам жүгінді. Азаматтардың дені психологиялық көмек алу үшін хабарласыпты. Орталық басшысы барша қостанайлықтарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ