Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылының тұрғыны Айткүл Байсейітованың баспана алып, оны жөндеу барысында тап болған сергелдеңі оңтайлы шешімін тапты. Үш жыл бойы сот орындаушылары мен құрылысшылардың арасындағы даудан көз ашпаған зейнеткердің шоттары бұғаттан босатылып, үйінен арест алынды.
Оқиға 2023 жылдың көктемінде басталған. Айткүл Байсейітова отбасымен бірге Алтын дала ауылынан (Ветеранов көшесі, 17-үй 2-ші) Раушан есімді азаматшадан үй сатып алуға келіседі. Алайда, алғашқы сәтте-ақ құжаттардан шикілік шығады: үйдің заңды иелері қайтыс болған туыстары болып шығып, нотариус мәміле жасаудан бас тартады.
«Біздің басқа үй алатындай артық қаржымыз болмады. Банктен алған ақшамыз – бар-жоғы 3 400 000 теңге еді. Үй иелері алғашында 4 миллион сұрап, кейін 3,6 миллионнан түспей қойған. Бірақ Халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН) арқылы бүкіл құжаттарды өз қаражатымызға рәсімдеуді мойнымызға алған соң, жағдайымызды айтып, осы 3,4 миллион теңгеге әзер келістік», – дейді Айткүл Байсейітова.
Кейіннен үйдің шатырын көтере бастағанда, бұрынғы иесінің ұлы «200 000 теңге қарызсың» деп шу шығарып, үлкен дау тудырған. Оған қоса, «газ келіп тұр» деген уәде де жалған болып шығып, зейнеткер өз қалтасынан су, жарық және жер құжаттарын қайта жасатуға мәжбүр болады.
Жаңа үйдің шатырын жөндеуге зейнеткердің сіңілісі мен күйеу баласы көмек ретінде 800 000 теңге қолма-қол ақша береді. Кейіннен автобуста танысқан қарияның ұсынысымен, Байсейітова құрылыс шебері Нұрболат Серіковпен («Жұлдыз» ЖК) жолығады.
Бастапқыда шебер 70,7 шаршы метрлік төбені 80 шаршы метр деп есептеп, әр метріне 5 000 теңгеден, жалпы жұмысты (қоқыс шығару, апилка төсеумен бірге) 800 000 теңгеге толық бітіріп беруге уәде береді.
Алайда, жұмыс басталғаннан кейін үш күн өткен соң, құрылысшылар «800 000 теңге аз, егер 1 800 000 теңге бермесеңіз, жұмысты тоқтатамыз» деп шарт қояды. Қысылтаяң шақта басқа шебер таба алмаған зейнеткер тәуекелге барады. Жұмыс аяқталар тұста түбіртек талап еткен үй иесі мен құрылысшы арасында есеп айырысудан тағы да келіспеушілік туындап, іс сотқа жетеді. Сот шешімімен зейнеткер «Жұлдыз» ЖК пайдасына 2 005 245 теңге қарыз болып танылады.
Сот шешімінен кейін зейнеткердің зейнетақысынан ай сайын 50% ұсталып, есепшоттары мен үйі бұғатталады. Үш жыл бойы созылған сергелдең биыл ғана, Қостанай облысының Әділет департаменті тікелей араласқаннан кейін шешілді.
Осы жылдың 27 наурызында өткен азаматтарды жеке қабылдау кезінде бұл мәселе арнайы қаралған.
«Бұл кісі наурыз айында біздің жеке қабылдауымызға келді. Біз ай сайын осындай қабылдаулар өткізіп тұрамыз. Мәселенің мән-жайын білген соң, бірден тиісті жеке сот орындаушысын және Жеке сот орындаушылар палатасының басшылығын шақырттық. Зейнеткер шоттарының бұғатталғанын айтып шағымданды. Сот орындаушыларына бұл мәселені заң аясында тез арада қарастырып, шоттарды заңды түрде ашу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі уақытта жағдай толықтай шешіліп, заңда көрсетілгендей құқықтық көмек көрсетілді», – деп түсіндірді Қостанай облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Темірбек Нажикенов.
2026 жылдың 12 ақпанында тиісті шешім шығып, соңғы айлардағы қате ұсталған зейнетақы мәселесі де бақылауға алынды. Қазіргі таңда Айткүл Байсейітованың барлық шоттары ашылып, үйі аресттен босатылды.
Үш жылдық қиындықтан соң баспанасына заңды түрде толық ие болған Айткүл Байсейітова өзіне қол ұшын созған барлық атқарушы билік өкілдері мен қоғам белсенділеріне отбасының атынан шын жүректен алғыс білдірді.
Ол жергілікті билік өкілдеріне, сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы құқықтық сауаттылықты арттыруға септігін тигізген Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов пен облыстық мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршинаға ерекше ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар, мәселенің заң шеңберінде нүктесін қойған облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Темірбек Нажикеновке, жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Қайрат Баймұхановқа және Алтын дала ауылының әкімі Жанай Алтынсаринге алғыс айтып:
«2023 жылдан бері шешімін таппай жүрген мәселеміз толық шешіліп, әділдік жеңді. Қуанышымызда шек жоқ!» – деп түйіндеді сөзін зейнеткер.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Қостанай ауданы,
Алтын дала ауылы
