27 июня, 2025
Қала орталығын күмбірге бөледі

Қала орталығын күмбірге бөледі

Облыс орталығында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шара ерекше сән-салтанатпен өтті. «Күмбірле, күй – домбыра» атты концерттік бағдарлама аясында балалар домбырашылар ансамбьдерінің қатысуымен өнер думаны шымылдығын түрді.
Іс-шараға «Жұлдыз» домбырашылар ансамблі, «Надежда» халық би ансамблі, «Детская парковка» домбыра ансамблі қатысты.

«Басты көздегеніміз – жас ұрпақ бойында ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыру, төл мәдениетімізді дәріптеу. Осы бағытта ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтары күй құдіретіне куә болды», – дейді облыстық Көркемөнерпаздар халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының басшысы Дәмір Қалқаев.

Еліміздің сындарлы саясатының маңызды бағытының бірі – ұлттық құндылықтарды сақтау, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көзің қарашығындай қорғау, оны келешек ұрпаққа аманатау. Мәдени іс-шара барысында сөз алған облыстық «AMANAT» партиясының жанындағы

«Мирас» кеңесінің мүшесі Айбек Таңатбаев рухани және мәдени құндылықтарды насихаттаудың мән-маңызына тоқталды.

«Еліміздің әрбір өңірінде ұйымдастырылатын мәдени іс-шараларға партияның аумақтық филиалдары тікелеу атсалысып келеді. Оның ішіндегі «Мирас» кеңесінің істеп отырған жұмысы ауқымды. Яғни, ұлттық дәстүрді дәріптеу жұмыстары ешқашан назардан тыс қалмайды. Қостанай қаласының орталығында Домбыра күнінің айлығы шеңберінде ауқымды іс-шара өтіп отыр. Өздеріңіз көргендей көптеген жастар қолдарына қасиетті қара домбыраны алып, күмбірлете күй ойнады. Бұл қазақтың ұл-қыздары ұлттық құндылығымды жоғалтпай, келер ұрпаққа аманаттап табыстайтынының дәлелі. Баршаңызды Домбыра күнімен құттықтағым келеді. Ұлттық құндылықтарымыз жанданып, жаңғыра берсін», – деді облыстық «AMANAT» партиясының жанындағы «Мирас» кеңесінің мүшесі Айбек Таңатбаев.

Домбыра үнімен халықтың рухын оятқан шараға жас таланттар да белсенді атсалысуда. Солардың бірі – 14 жастағы Әмина Әлиева. Домбыраны небәрі бір жыл бұрын үйрене бастаған жас өнерпаз бүгінде республикалық деңгейдегі байқауларда жүлдегер атанып үлгерді. Ол бұл іс-шараға қатысудың өзі үлкен мәртебе екенін айтады.

«Осындай тағылымы терең шараға қатысу — мен үшін зор құрмет. Домбыра – қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпағына аманаттаған киелі аспабы. Ол – біздің рухымыз, жүрек үніміз, жан дүниеміздің сыршысы. Бұл аспапты шерте білу – ұлттық болмысқа деген құрметтің бір белгісі. Домбырамен күй төгіп, ән салу – тек өнер емес, бұл дәстүрге деген тағзым», – дейді домбырашы Әмина Әлиева.

Облыс көлеміндегі мәдени бастама аясында түрлі деңгейдегі іс-шаралар өтеді. Бұл туралы ҚР Күйшілер одағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Батырбек Байназаров баяндап берді.

«Қостанай төрінде күмбірлеген күй естіледі. Домбыра күнін ұлықтауға арналған іс-шаралар тек қалада емес, облыстың барлық аудан-қалаларында ұйымдастырылады. Бір айлық бағдарлама шілденің 6-сы күні Қостанай қаласында өтетін үлкен гала-концертпен қорытындыланады» – деп атап өтті ол.

Домбыра үнімен үндесіп, күй мен қуанышқа толы өткен бұл мереке – ұлттық рух пен өнердің мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді.

Тимур ШАГИРОВ
ҚӨУ студенті