Қала әкімі тұрғындарды қабылдады

Қала әкімі тұрғындарды қабылдады

Қала әкімі Марат Жүндібаев “AMANAT” партиясы Қостанай облыстық филиалы қабырғасында тұрғындарды қабылдады. Шаһар басшысы әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, шешу жолдарын талқылады. Кейбір мәселелердің шешімі бойынша нақты тапсырмалар берді.
Қабылдауға келген алғашқы адам Гүлбану Арықпаева. Ол көп балалы жалғыз басты ана. Жітіқара ауданынан Қостанайға 2023 жылдың қазан айында көшіп келген. Тұрғын үй кезегіне тұра алмай жүргенін айтып, көмек сұрай келіпті.

“Жеті балам бар. Оның бесеуі кәмелетке толмаған. Бұған дейін Жітіқара ауданында тұрдық. Ол жақтан пәтер берген. Бірақ кері қайтардым. Өйткені, екі балам студент атанды. Жатақхана болмады. Бәрібір үй жалдайтын болғандықтан, балаларыммен бірге қалаға келіп тұруды жөн көрдім. Енді үй кезегіне тұра алмай жүрмін. Осы мәселем бойынша көмек қажет”, – деді Гүлбану Арықпаева.

Қала әкімі мәселеге терең бойлап, қазір қайда тұрып жатқанын сұрап, балалардың жағдайын білді. Көп балалы отбасы ретінде мектептен қандай көмек көрсетілетінін де анықтады.

“Сіз мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезегінде тұрған, кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай жүйесінің дерегіне сәйкес “kezekte.kz” жүйесінде “халықтың әлеуметтік осал топтары/ көп балалы отбасылар” санаты бойынша кезекке тұруға өтініш бермегенсіз. Тапсырма беремін, сізді кезекке қояды. Тұрғын үй кезегіне қоюға көмек көрсетеміз. Мәселені бақылауымда ұстайтын боламын”, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Қабылдауға КСК ауданынан бірнеше адам ұжымдық өтінішпен келіпті. Олар №3 кітапхананы қалпына келтіру мәселесі бойынша жүгінді.

“Қарт кісілер біздің ауданда көп. Кітапхананы қалыпқа келтіріп берсеңіз екен дейміз. Кітапхана қаланың бас жоспарында бар, бірақ 1998 жылы бұзылып қалған. Қарттар барып, уақыт өткізетін бір бөлме де тауып берсеңіз. Қазір барып жүрген жеріміз алыстау болып тұр”, – деді ұжымдық өтініш берушілер.

Марат Жүндібаев өтініш берушілерге түсініктеме берді. Негізінде Қостанай қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі 12 кітапхананы біріктіреді. Н. Островский атындағы орталық қалалық кітапхана, А.С. Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасы және қаланың әр шағын аудандарында орналасқан 10 кітапхана-филиалы бар.

“КСК шағын ауданының аумағында Қобыланды батыр даңғылы 48 мекенжайында орналасқан “Северный” кітапхана-филиалы жұмыс істейді. Сондай-ақ, осы шағын ауданда “Орион” концерт залы бар. Онда мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтеді. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған мекен-жай бойынша кітапхананы қалпына келтіру мүмкін емес, кітапхана ғимараты сақталмаған. Аудан тұрғындарының бос уақытын өткузі үшін осы аумақты абаттандыруды қола аламыз. Сіздердің өтініштеріңіз шағын ауданды дамыту бойынша одан әрі әлеуметтік жобаларды іске асур кезінде ескерілетін болады. Мүмкін шағын саябақ, сахна салып береміз”, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Қабылдауға келген кезекті тұрғын Сұңғат Увалиев дүкен ашу үшін тұрғын үйдің жертөлесінен бос жер сұрай келіпті.

“Юбилейный шағын ауданыдағы 16-шы үйдің астындағы жертөле қабатынан бір бөлме жалға алсам деймін. Дүкен ашпақ ойым бар. Сол жағынан қандай көмек көрсете аласыздар?”, – деді тұрғын.

“Аталған мекенжай бойынша көппәтерлі тұрғын үй “Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің” балансында. Нысаналы мақсатына сәйкес, осы үйдің жертөлесі инженерлік желілерін орналастырудан басқа сауда объектілерін және өзге де қызмет түрлеріне арналмаған. Бұдан басқа, бұл үй-жай көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл үйден бөлек, басқа тұрғын үйлерден қарастырып көріңіз. Жеке меншік құрылыс компаниялар жалға беруі мүмкін”, – деді қала әкімі.

Бүгінде өңірімізде 21 қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері партия филиалына барлығы 7579 өтініш келіп түскен, оның ішінде 4409, яғни барлық келіп түскен өтініштердің 59%-ы оң шешім тапты, 3 135 өтініштердің 40%-ына заң шеңберінде консультациялар берілсе, 35 өтініш бақылауға алынған.

“Барлығы 2405 қабылдау өткізілді, азаматтардың 7 334 өтініші қаралды. Оның ішінде, облыс, қалалар, аудандар әкімдерінің орынбасарларымен 290 жеке қабылдау өткізілді. Азаматтардың 975 мәселесі қаралып 435 оң шешіліп, 524-не түсініктемелер берілді. Құзыретіне өзекті мәселелерді шешу кіретін жергілікті мемлекеттік органдардың, департаменттердің, басқармалардың басшылары 362 жеке қабылдау өткізді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары 10 жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың 58 мәселесі қаралды, оң шешілген 30 мәселе және 27-не түсініктемелер берілді. Партия фракциясының депутаттары барлық деңгейдегі мәслихаттарда 784 жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың 2633 мәселесін қарады. Олардың 1926-сы оң шешіліп және 700-не түсініктеме берілді. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің 11 көшпелі қабылдау болды. Оның барысында 195 адам қабылданды. Оның ішінде 83 өтініш қанағаттандырылса, 109-на түсініктеме берілді, ал үш өтініш бақылауға алынды”, – дейді Қостанай облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәуле Бултаева.

“AMANAT” партиясының Қостанай облыстық филиалының платформасын пайдалану кездесудің тиімділігін арттырып, тұрғындардың өтініштерін оперативті түрде қарауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бұл бастама қала билігі мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтып, қаланың дамуына белсенді қатысуға ынталандырады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – “AMANAT” партиясының баспасөз қызметі

Жаңалықтармен бөлісу