Облыстық «Қостанай таңы» газеті мен «Тобыл» футбол клубының қайырымдылық жобасы жалғасуда. «Мейірім шуағы» акциясы басталғалы редакция және клуб қызметкерлері 69 жанұяға азық-түлік жеткізіп, қаржылай көмек көрсетті.
Өткен аптаның соңында бірнеше футболшы Рудный қаласының іргесіндегі саяжай бақшасында тұратын 4 отбасыға қайырымдылық жасады. Солардың бірі – Жүргеновтер отбасы. Отағасы Мәулен бір ай бұрын ғана жергілікті дүкендердің біріне жүк түсіруші болып жұмысқа кірген. Келіншегі 4 баламен үйде. Балалардың кішісі – он айлық.
– Жыл басында Мәулен Жүргенов есімді азамат хабарласып, жағдайын айтқан-тын. Ол отбасымен Өзбекстан елінен 2018 жылы көшіп келген. Үш жылдан соң сатып алған шаңырағы өртеніп кетіп, үй-күйсіз қалған. Содан саяжайдан «вагоншаны» жалға алып, тұрып келген. Міне, бұл жағдайды «Тобыл» футболшылары естіп, қолдан келгенше көмектесуді ұйғарды. Өткен аптада футболшылар барып, Мәуленнің жеке шотына бір жылға пәтер жалдап тұруға жететін қаржы аударып, төрт баласына киім-кешек алып берді. Алдағы уақытта футболшылар Жүргеновтер отбасына көмектесіп отыратынын айтты, – дейді «Тобылдың» жанкүйерлермен жұмыс жөніндегі маманы Алмат Тұрсымбетов.
Көмек алып, қуанғандардың бірі – Қостанай ауданының тұрғыны Рамиль Сурухдиновтің отбасы. Алты баланы тәрбиелеп отырған жалғызілікті әке облыс орталығынан Қостанай ауданынан Заречный селосына қоныс аударды. Мұның себебі – пәтер ақысын төлей алмағаны.
– Былтыр жұбайымнан айырылып қалдым. Салмақ маған түсті. Бірнеше ай бойы қалада жалдап тұратын пәтерімді төлей алмадым. Денсаулығым сыр беріп, үйде жатып қалдым. Үлкен ұлым Шаймардан 19-ға толды, студент. Менің сырқаттанып қалғанымды ескеріп, Складской көшесіндегі қоймалардың бірінде қара жұмысшы болып істеп жүрді. Оның тапқаны тамағымыздан артылмады. Амал жоқ, ауылға көшіп келдік, – деді Рамиль.
Рамильдің жағдайына бейжай қарамаған футболшылар қасиетті айда тағы бір көмегін жасады. Бұл жолғы «Мейірім шуағы» Сурухдиновтердің отбасына төгілді. «Тобыл» футболшылары сәуір айының соңында Рамиль мен алты баласына үй сатып алып бермек. Редакция мен футбол клубының бірлескен жобасы Рамазан айының соңына дейін жалғасады. Жоспар бойынша, облыстағы 100 отбасыға қайырымдылық көрсетіледі.
– Бұл – көпке үлгі жоба. Мұның астарында жұртты жақсылыққа, қайырымдылық жасауға шақыру идеясы жатыр. Көмек алған жандарды суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге салудың ретсіз екенін ескердік. Алайда, ризашылығын білдіріп, алғысын әлеуметтік желіде білдіреміз деген жандарға қарсылық жоқ. «Қостанай таңы» мен «Тобылдың» бұл жобасы дәстүрлі түрде жыл сайын жүзеге асырылуы тиіс, – дейді «Тобыл» футбол клубының спорт директоры Нұрбол Жұмасқалиев.