28 мая, 2025
Қайыңдылық кәсіпкер асыл тұқымды қырық ірі қара мал сатып алды

Қайыңдылық кәсіпкер асыл тұқымды қырық ірі қара мал сатып алды

Арқалық қаласының Қайыңды ауылдық округіне қарасты «Болат К» шаруа қожалығы 40 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелді.

Бұл шаруа қожалығы 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Қонай қыстағын мекендеген. Өткен жылы табиғи апат тасқын судың салдарынан шаруаның үй-жайы, қора-қопсысы, мал-мүлкі түгел жойылып кеткен еді. Мемлекет көмегімен сол жоқтың бәрі орнына келіп жатыр. Асарлатып жайлы үй де тұрғызып алды.

  «Су тасқынынан қатты зардап шеккендердің біріміз. Шүкір, үкіметіміздің арқасында шаруамыз түзелді. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, шаруашылықты жалғастырып, «племенной статус» алып, өзім сияқты мал шаруашылығын күйттеген жандарға бұқа таратсам деймін. Бұрын табынға асыл тұқымды бұқалар қосып лаждайтынбыз. Енді өзім де осы іспен түбегейлі айналыссам деймін. Ата-анамның бастап беріп кеткен кәсібін мұрагерлікпен алып, жалғастырып жатырмын. Үйдің кенжесі болғандықтан, қара шаңырақты ұстап қалуыма тура келді», — дейді дағдарысты кезеңнен сәтімен шығып, көңілі жайланған кәсіпкер Болат Шалдыбаев.

Ол мектепте он жылдан астам уақыт дене тәрбиесі және спорт жүйесінен ұстаздық қызмет те атқарған. Малға қарайтын адам болмағандықтан, ата кәсіпті қол етуіне тура келгенін айтады. Келешекте, өзі айтып өткендей, ауыл шаруашылығы саласын дамытсам деп нық бекінген.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ