Көктемгі егіс және күзгі жиым-терім жұмыстарына ел бойынша рекордтық қаржы бөлініп отыр, яғни 700 млрд теңге. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тұқымды, тыңайтқыштарды алдын-ала сатып алуға, техниканы сайлауға және басқа да қажетті жұмысты атқаруға мүмкіндік бермек.
Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру. Қатысушылар сарапшыларға қазіргі таңда өзекті қолдау бағдарламалары жайлы шаруаларға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев, Аграрлық несие корпорациясы департаментінің директоры Нұрлан Даутов және «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев айтып берді. Кеңеске Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов қатысты.
Жоғарыда жағдан 700 млрд теңгенің 200 млрды ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне бағытталады. «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушылық Холдингі» АҚ директоры Нияз Көшкімбаевтің пікірінше, бұл – уақыттың сын-қатерлеріне, агробизнестің өскелең қажеттіліктеріне және мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі сұранысына жүйелі жауап.
«Осы жылы Аграрлық несие корпорациясымен ҚазАгро Қаржы арқылы іске асырылған қаржыландыру көлемі бұрын-соңды болмаған соманы-шамамен 700 миллиард теңгеге жетіп отыр. Ауыл шаруашылығы — жай сала ғана емес, бұл өңірлердің тұрақты дамуының негізі. Ал біз, жетекші даму институттарын біріктіретін Холдинг ретінде агробизнесті жаңғыртуға және дамытуға тұрақты түрде инвестиция бағыттап отырмақпыз. «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Бәйтерек» Холдингінің компаниялар тобының бір бөлігі ретінде осы процестерде шешуші рөл атқарады. Бүгінгі күні ол лизинг нарығында басты көш басшысы. 2024 жылғы желтоқсан айында компанияға 25 жыл толды. Қазіргі таңда компания ұсынып отырған лизинг шарттарының тиімдісі. Компания, өзінің осы уақытқа дейінгі қызметі кезеңінде 1,6 трлн теңге сомасына 88 мыңнан астам техниканы қаржыландырды және лизингке берді», – деді Нияз Көшкімбаев.
«Бәйтерек» Холдингі Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда стратегиялық бастамалардың іске асырылуын қолдауды одан әрі де жалғастыра бермек.
Жиында «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламаларының негізгі шарттары мен талаптары түсіндірілді. Өткен жылы іске қосылға бағдарлама, яғни «Кең дала» тәрізді көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 5% жеңілдікпен қосымша қаражат ала алады. Несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдары, несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы алуға болады.
«Түпкілікті қарыз алушылар үшін кредит сомасы өсірілетін дақылдарға байланысты га ға арналған шығындар нормативтері негізге алына отырып есептеледі. Қаржыландыру мерзімі келер жылдың наурызында. Ал өтеу екі мерзімде іске асады. Яғни, осы жылдың желтоқсан айының онына дейін жартысын, қалған бөлігін келе жылдың наурыз айының онына дейін өтеуі керек», – деді Аграрлық несие корпорациясы департаментінің директоры Нұрлан Даутов.
Екі бағдарламаның несиелеу шартарында айырмашылық бар. Біріншіден қаржыландыру әртүрлі көздерден жүргізілсе, сату арнасы «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы және тікелей қарыз алушы ретінде қосымша қаржыландыру мүмкіндігі қосылады.
«Қарыз алушыға, яғни түпкілікті қарыз алушыға қойылатын негізгі талаптар бар. Бағдарламаға қатысу үшін қызметті жүзеге асыру тәжірибесі кемі үш жыл болуы керек. Егер үш жылға толмаған жағдайда қаржыландыру облыс әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінің қолдау хаты, ауыл шаруашылығы жөніндегі мәселелерге жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының не оның орнындағы адамның жазбаша өтініш хаты талап етіледі. Сондай-ақ, меншікте не уақытша өтеулі жер пайдалану құқығында және бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша егіс алқаптарының болуы маңызды. Салықтар және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша берешек болмауы керек», – деп түсіндірді Нұрлан Даутов.
Мұның сыртында, қаржы институттары алдында өтелмеген не мерзімі өткен берешегінің болмағаны ләзім. Соңғы 24 айдағы үздіксіз мерзімі 180 күннен асатын берешек те несиеге алуға кедергі жасайды. Дәстүр бойынша «Кең дала» бағдарламасы бойынша жыл сайынғы бюджеттік несие есебінен жүзеге асырылады. Бірақ «Кең дала 2» бағдарламасы басталғаннан бастап, осы жылғы егіс компанияларына қаржыландыруға өтінімді қабылдау өткен жылдың қарашасынан басталған. Былтырғы жылдың қорытындысына сүйенсек, корпорация Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін 72 699 млн теңгеге қаржыландырған. Биыл да келіп түскен өтінімдер бар. Олар екі бағдарлама бойынша қаржыландырылады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ