Қостанай облысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов пен аграршылар арасында ашық форматта маңызды кездесу өтті.
Бұл сапар Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында ұйымдастырылды.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов атап өткендей, мұндай кездесулер дәстүрге айналып келеді. Ашық әрі белсенді диалог барысында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер тікелей министрлік өкілдеріне жеткізіліп, шұғыл шешімдер қабылдануына жол ашылады. Бұл – қазіргі заманның жаңа сын-қатерлеріне жедел жауап беру үшін аса маңызды.
Мемлекеттік қолдау жүйесін реформалау
Кездесу барысында субсидиялау жүйесін реформалау, мемлекеттік қолдауға қатысты берешектер, жеңілдетілген несие, әртараптандыру, күнбағыс экспортына қатысты баж салығы, тұқым шаруашылығын дамыту мен шегірткеге қарсы күрес сияқты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Вице-министр Азат Сұлтанов атап өткендей, ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қолдау жүйесінде үлкен реформалар басталуда. Соның ішінде мал шаруашылығында селекциялық-тұқымдық жұмысқа берілетін субсидиялар қайта қаралып жатыр. Бұл бағытта сыбайлас жемқорлық деректері мен жалған есептер жиі тіркелгендіктен, Антикор тарапынан бұл субсидияны мүлдем алып тастау туралы ұсыныстар болған. Сондықтан фермерлердің өздері бұл процеске белсенді қатысуы маңызды – тұқым сапасын жақсарту жұмысы тоқтамауы тиіс.
Қаржыландыру және жеңілдетілген несие
Субсидияның кейбір түрлерінің қысқаруына қарамастан, мемлекет ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Мәселен, бұрын 700 млрд теңге болған несие көлемі 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізілмек. Аталған қаржыландыру «Бәйтерек» холдингі арқылы жүзеге асады.
Биыл МСХ айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5% мөлшерлемемен несие беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Алғашқы кезекте бордақылау алаңдары, одан кейін мал өсірумен және құс шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар қамтылады. Бұл жеңілдетілген несиелеу жүйесі барлық бағытты қамтып, бюджетке түсетін жүктемені азайтады.
Сонымен қатар, ұзақмерзімді (екі жылға дейін) несиелер беру, қайтару мерзімін нақты бір күндерге байламау ұсынысы да қарастырылып жатыр. Бұл фермерлерге өнімді тиімді уақытта сатып, шығындарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Әртараптандыру мен егіс құрылымын өзгерту
Аграршылар тарапынан нақты ұсыныстардың бірі – ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша нақты ұсыныстар мен сараптамалар беру. Бұл фермерлерге не егу керектігін нақты түсінуге көмектеседі. Вице-министр бұл бағытта тиісті жоспар жасалғанын, бидайға тәуелділікті азайтып, майлы дақылдар, мал азығы және әлеуметтік маңызы бар өнімдерді көбейту көзделіп отырғанын айтты.
«Кең Дала» бағдарламасындағы өзгерістер
Қостанай облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қауымдастығының директоры Светлана Михайленко «Кең Дала» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, несиені игеру мерзімін 1 тамыздан 1 қарашаға дейін ұзарту және кредит алынғанға дейінгі шығындарды өтеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Ішкі нарықты қорғау және ынтымақтастық
Күнбағыс экспортына қатысты да ұсыныстар айтылды. Фермерлер күнбағысқа салынатын баж салығына байланысты отандық май зауыттарына белгілі бір көлемде отандық тұқымды сатып алуды міндеттеу қажеттігін алға тартты. Бұл ұсыныс министрлік тарапынан қолдау тауып, шешім қабылдау жақын арада жүзеге асатыны хабарланды.
Шегірткеге қарсы күрес
Биыл шегірткенің таралуы 2,5 млн гектар жерді қамтуы мүмкін. Оның ошақтары оңтүстік аймақтарда тіркеліп үлгерген. Алғаш рет зиянкестермен күресте дрондар пайдаланылады. Бюджетте қажетті қаражат қарастырылған, қажет болса қосымша резервтен бөлінеді. Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстары шегіртке шабуылына ең көп ұшырауы мүмкін өңірлер ретінде аталды.
Қорытындылай келе, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені алдағы уақытта тиімді, ашық және нәтижеге бағытталған реформалар арқылы дамитын болады. Мемлекеттік қолдаудың жаңа форматтары, әртараптандыру, инновациялар мен фермерлердің ұсыныстарын ескеретін тәсіл — агросаланы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.