Қостанайда есірткі саудасымен айналысқан ірі Telegram-арна әшкере болды

Қостанайда есірткі саудасымен айналысқан ірі Telegram-арна әшкере болды

Қаржы мониторингі агенттігінің Қостанай облысы департаменті әлеуметтік желілер арқылы есірткі таратумен айналысқан арнаның қызметіне тосқауыл қойды. Бұл шара Прокуратураның үйлестіруімен сәтті жүзеге асты.

Күдіктілер өткен жылдың мамыр айынан бері «Thс Seller» аталатын Telegram-арнасында интернет-дүкен ұйымдастырып, есірткі сатып келген. Төлемдер қолма-қол ақша және криптовалюта арқылы қабылданып отырыпты. Тінту кезінде 30 келіден астам марихуана мен гашиш, ұялы телефондар және 5 банк картасы тәркіленді.

«Интернет-дүкеннің 2 мыңнан астам тұтынушысы болған және 100 миллион теңгеден астам сомаға тең болатын 5 мыңнан астам есірткі саудасы жүргізілген. Қылмыстық жолмен келген табысты жасыру үшін күдіктілер Telegram мессенджері арқылы дроперлерді, яғни жалған тұлғаларды тартқан. Бұл тұлғалар атына банк карталары рәсімделіп, солар арқылы ірі көлемдегі қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған», — делінеді ҚМА хабарламасында.

Күдіктілер қылмыстық жолымен келген табыстың есебінен 2 автокөлік пен мотоцикл сатып алып, оларды сенімді адамдардың атына тіркеген. Сот санкциясымен бұл көліктер тәркіленді. Күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу шаралары әлі де жалғасады.

фото: ашық дереккөз