Қоғамда тағдыр тауқыметін тартып, өмірдің ауыр сынақтарына тап болған жандар аз емес. Солардың бірі – Арман.
Оның өмір жолы көпшілікке ой саларлық әрі үміт сыйларлық оқиғаға толы.
Бірнеше жыл бұрын Арманның өмірі күрт өзгеріп, ол бас бостандығынан айыру орындарына түсті. Сол кезеңде ол бәрінен айырылғандай күй кешті. Жақындарының сенімі, өз-өзіне деген құрметі, болашаққа деген үміті көмескі тартты. Алайда көпшілік үшін мұндай жағдай тығырық болып көрінгенімен, Арман үшін бұл жаңа өмірге бастар мүмкіндікке айналды.
Оның алдында екі таңдау тұрды. Бұрынғы өмір салтымен төмендей беру немесе өзін өзгертіп, жаңа бағытқа бет бұру. Арман екінші жолды таңдады. Мекемеде ұсынылған мүмкіндікті пайдаланып, кәсіби білім алуға кірісті. Осылайша ол газоэлектрдәнекерлеуші мамандығын меңгерді.
«Оқу оңай болған жоқ, бірақ мен берілмедім. Әр күні бұл менің мүмкіндігім екенін өзіме еске салып отырдым. Жаңа өмірге бастар жол. Куәлігімді алған сәт – өзімді қайтадан мақтан тұта бастаған алғашқы сәттердің бірі болды. Бостандыққа шыққаннан кейін алғашында қиын болды. Өткенің бар адамды бәрі бірдей қабылдай бермейді. Бірақ менде ең бастысы мамандығым мен адал еңбек етуге деген ниет болды. Мен ДНК мекемесіне электрдәнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Алғашқы уақытта өзімнің өзгергенімді сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тура келді», – дейді ол.
Бүгінде Арман өз кәсібінің иесі ретінде тұрақты еңбек етіп, адал табыс тауып отыр. Сонымен қатар ата-анасына қолдау көрсетіп, өткендегі қателіктері үшін алаңдаған жақындарының сенімін ақтауға күш салып келеді.
«Қазір мен өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін, адал еңбегіммен табыс тауып, ата-анама көмектесіп жүрмін. Бұл мен үшін өте маңызды – менің қателіктерім үшін уайымдаған жақындарыма қолдау көрсету. Мен өткенімді жасырмаймын, бірақ онымен өмір сүрмеймін. Ол мен үшін сабақ болды. Қазір менің мақсатым – адал өмір сүру, еңбек ету және ешқашан өткен қателіктерге қайта оралмау. Егер менен «өмірді қайта бастауға бола ма?» деп сұраса, мен «иә, болады» дер едім. Бірақ ол үшін шынайы өзгеруге дайын болып, күн сайын өзіңмен жұмыс істеу қажет», – дейді Арман.
Арманның оқиғасы – өмірдің кез келген сәтінде дұрыс таңдау жасап, жаңа жол бастауға болатынын дәлелдейді.
Сандуғаш БЕКМҰРАТ
