25 мая, 2025
Президент ұлт бірлігін нығайтуда барлық мемлекеттік және қоғамдық механизмдерді жетілдіруді тапсырды

Президент ұлт бірлігін нығайтуда барлық мемлекеттік және қоғамдық механизмдерді жетілдіруді тапсырды

Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІҮ сесиясына қатысудың сәті түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтолық жиында сөйлеген сөзінде:

«Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз», – деді.

Елімізде «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. Президенттің «ең жоғары марапат – ел тыныштығы» дегені де көңілге бірден қонды.

Елдің бірлігі аспаннан түсе қалатын немесе қалпақпен қағып алатын оңай олжа емес. Бұл көз шағылыстырардай жарқырауық, құлақ тұндырардай даңғырақ емес, Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып отырған көзге көріне бермейтін, күнделікті ерінбей атқаратын көп жұмыстардың нәтижесі. Бұл қазақ жерінде тұрып жатқан түрлі этностардың тілін, дәстүрін, басқа да ұлттық құндылықтарын сақтау үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған қолайлы жағдайды этнос өкілдерінің жоғары санамен түсініп, рахман жүрекпен қабылдауынан, ортақ Отанға адалдық танытып, адамдардың бір-біріне деген сыйластықпен, құрметпен өмір сүруінен тұрады. Кеңқолтық қазақтың кең даласында осындай мамыражай өмірді көрпешенің құрағындай келістіріп, барлығының басын құрайтын тіл деген құдірет бар. Бүгінгі түйткіліміз де – Тіл.

Дегенмен отыз жылда еткен еңбектің зая кетпегеніне мемлекет басшысының «Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады.

Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады» деген сөзі де дәлел.

Сонымен қатар сессияда сөз алған жастар Алла Гаврина, Ольга Спирина айтқандай, жастар арасында қазақ тілін үйренуге деген ықылас6 талпыныс жақсы. Қазір өзге этнос жастары арасында қазақ тілінде сөйлейтін, домбыраны шебер тартатындар жиі кездеседі.

Бірақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясы әлі тым мақтанарлықтай емес екені тағы аян.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты», – дей келіп, – «Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс», – деді.

Осы сөзі арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінде қызбалық пен асығыс шешімдер жасаудан аулақ болуды, тіл мәселесін ту етіп ұстап, алауыздық туғызып, қоғамды іштен іріткісі келетіндердің арандауына алданбауды, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды шынайы ажырата білуді ескертті.

Мемлекеттік тілді үйренгеннен, сөйлегеннен байымаса, ұтылып қалған ешкім жоқ.

Қазақ жерінің суын сулап, отын оттаған, осында тамырын жайған адал адамдар мұны түсініп келеді.

Президент ұлт бірлігін нығайтуда барлық мемлекеттік және қоғамдық механизмдерді жетілдіруді тапсырды және ол үшін маңызды міндеттерді айтты. Соның негізгілерінің бірі ретінде «ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңыздылығына» тоқталды. Оның Журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет екенін айтты. «Салалық министрліктер мен өңірлер әкімдеріне ҚХА журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауды» тапсырды.

Бұл саладағы қызықты жұмыстар ҚХ Қостанай облысы бойынша ассамблеясында жалғасын табатын болады. Мақсатты жұмыстар жолында да ынтымақ жеңеді!

Нәзира Жәрімбет,

«Аманат» партиясы облыстық филиалының жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшесі және ҚХА жанындағы журналистер клубының жетекшісі.