Отбасы банкінде “AQYL” білім беру жинақтау салымдары ашылды

Отбасы банкінде “AQYL” білім беру жинақтау салымдары ашылды

 “AQYL” депозиті отбасында балалардың ғана емес азаматтардың өздерінің де біліміне қаражат жинақтауды көздейді. Депозит арқылы қазақстандық немесе шетелдік білім беру ұйымдарында оқу ақысын төлеуге болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен “Ақыл” жаңа білім беру жинақтау депозитін іске асыру туралы” атты брифингте талқыланды.

“Отбасы банк” АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Әсел Асқарованың мәліметінше, “AQYL” білім беру жинақтау салымын кемінде 3 немесе 5 жыл мерзімге ашуға мүмкіндік бар.

“Егер депозит кемінде үш жыл мерзімге ашылатын болса, онда депозит бойынша мөлшерлеме жылдық 12% – ға,  ал, 5 жыл мерзімге ашылса, онда мөлшерлеме 9,5% – ға тең болады. “, – дейді Әсел Досымханқызы.

Банк жұмысының алғашқы сағаттарында депозит ашқан қазақстандықтардың саны 50-ден асқан.

“AQYL” –  бұл ата-аналарға балаларының оқуына қаражат жинауға көмектесетін ерекше құрал. Бала дүниеге келісімен әр отбасы ұрпағының қандай білім алатынын, қай елде оқытатынын ойлайды. Егер бала грантқа түссе, онда “AQYL” депозитіндегі жинақтарды шешіп алып, оларды кез келген өзге мақсатқа, соның ішінде тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады, – деп атап өтті “Отбасы банк” Басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Салымшылардың барлық санаттары үшін мемлекеттік сыйлықақы 5% құрайды.  Сондай-ақ, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға ашылған депозиттерге мемлекет сыйлықақысы 7% мөлшерде есептеледі.

Бұл санатқа жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінен төмен отбасылардан шыққан балалар да кіреді. “Отбасы банк” АҚ облыстық филиалы клиенттермен жұмыс жөніндегі басқармасының 1 санатты маманы Медет Байбатыров мемлекет сыйлықақысын есептеу үшін салым бір жылға толуы тиіс екендігін айтты.

“Жыл сайын депозитке есептелетін сыйлықақының ең жоғары мөлшері 100 АЕК-тен, яғни, 369200 теңгеден аспауға тиіс. Депозитті ашу кезінде міндетті бастапқы жарнаның мөлшері 3 АЕК немесе 11 076 теңгеге теңгені құрайды”, – дейді Медет Маратұлы.

“AQYL” депозитін App store немесе Play market қосымшаларынан “Otbasy bank lite” мобильді қосымшасын жүктеп алып, ашуға болады. Сондай-ақ Баспана маркет порталында, банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе банктің сайтына өту арқылы шот ашуға болады.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу