Отан қорғаушылар салтанатты жиынға қатысып, марапатталды

Отан қорғаушылар салтанатты жиынға қатысып, марапатталды

Қостанай қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

            Салтанатты жиынға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Батырбек Ахметов, соғыс ардагері Қасымхан Алдабергенов және сала басшылары мен курсанттар, жас сарбаздар қатысты.

            «Ел тыныштығын күзетіп, бейбіт өмірдің беріктігін қамтамасыз етіп жүрген айбынды азаматтарға көрсетілер құрмет ерекше. Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздарымыз бен офицерлерімізге, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Қазақстан армиясы – тәуелсіздігіміздің берік тірегі, мемлекетіміздің қорғаны. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, табандылықтарыңыз бен отансүйгіштік рухтарыңыз – елдің ертеңіне деген сенімнің кепілі, – деді Бақытжан Нарымбетов. Бүгінде еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Жаңа Конституция аясында мемлекет дамуының негізгі қағидаттары – әділеттілік, заң үстемдігі және тәртіп құндылықтары айқындалды. Бұл – еліміздің болашағын баянды ететін басты бағдар. Мемлекет басшысы атап өткендей, заң мен тәртіп идеологиясы – Әділетті Қазақстанды құрудың өзегі. Бұл қағида әр азаматтың санасында орнығып, қоғам өмірінің барлық саласында берік орнығуы тиіс. Әсіресе әскери қызметшілер үшін бұл тек талап қана емес, өмірлік ұстаным. Тәртіп пен заңға адалдық – нағыз жауынгердің айнымас серті».

blank

Бақытжан Нарымбетов іс-шараға соғыс ардагері Қасымхан Алдабергенов ақсақалдың қатысуы жастар үшін үлкен өнеге екенін жеткізді. Жиын барысында ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінің командирі, подполковник Епкен Арыстаналиев сөз алып лебізін білдірді.

            «Халқымыз «Отан – оттан да ыстық» дейді. Ендеше туған жерді қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Бұл – Ата Заңымызда айқын жазылған қастерлі міндет. Ел тыныштығын күзету, халықтың бейбіт еңбегін қорғау – қоғам тарапынан жоғары бағаланатын абыройлы қызмет. Әскери қызметшіге жүктелер сенім – бұл халықтың өз қорғаушыларына артқан зор үміті мен құрметі. Сондықтан Отан алдындағы адал қызмет – үлкен жауапкершілік пен мәртебе. Еліміздің жарқын болашағы үшін атқарып жүрген игі қызметтеріңізге табыс тілеймін. Әрқашан абырой биігінен көрініп, қызмет жолында жетістіктерге жете беріңіздер», – деді Епкен Арыстаналиев.

blank

Іс-шара барысында қызметтік міндетін адал атқарып, кәсіби шеберлігімен және жауапкершілігімен ерекшеленген үздік әскери қызметшілер мен ерлігімен көзге түскен азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Оларға алғыс хаттар мен мерейтойлық марапаттар табысталып, ел тыныштығын күзетудегі еңбектері жоғары бағаланды.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасы Алтынсарин ауданынан келген учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дулат Нұрымовқа да берілді. Бұл оның алғашқы марапаты емес. Бұған дейін ішкі істер органдарының басшылығынан, аудан әкімінен де марапаттар алған.

blank

            «Облыс әкімінің атынан Құрмет грамотасын алу мен үшін ерекше құрмет. Полициядағы қызметтің өзі – үлкен жауапкершілік. Біздің жұмыс қауіпті әрі күрделі. Біз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз, түрлі шақыртуларға шығамыз. Отбасылық жанжалдар, тұрмыстық құқықбұзушылықтар, қоғамдық тәртіпті бұзу секілді әртүрлі жағдайлар кездеседі. Әрбір шақыртуда не боларын алдын ала болжау қиын. Учаскелік инспектор болып 2023 жылдан бері еңбек етіп келемін. Оған дейін Алтынсарин аудандық пробация қызметінде жұмыс істедім. Пробация саласында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен шартты түрде сотталған азаматтарға бақылау жүргіздік. Ал учаскелік инспектордың жұмысы ауқымды. Тек есепте тұрған азаматтармен ғана емес, қарапайым тұрғындармен де тікелей жұмыс істейміз. Мен үшін бұл марапат абырой ғана емес, алдағы қызметіме үлкен жауапкершілік. Біз өз міндетімізді адал атқарып, халықтың тыныштығы үшін еңбек ете береміз», – дейді марапат иесі Дулат Нұрымов.

Жас ұландардың арасынан табандылығы мен батылдығы, қырағылығы ескеріліп Құрмет грамотасын алған жанның бірі ҚР Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальонының 3 взвод 2 бөлімше саржасы, атқыш, қатардағы жауынгер Әлинұр Тойбек.

blank

            «Бұл марапатты алу мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қатардағы жауынгер ретінде Отан алдындағы борышымды адал атқаруға әрдайым күш салып келемін. Бүгінгі Құрмет грамотасы – менің ғана емес, менімен бірге күнделікті қызмет атқарып жүрген бөлімдегі барша сарбаздардың еңбегіне берілген баға деп қабылдаймын. Әскери қызмет адамды тәртіпке, төзімділікке, батылдық пен қырағылыққа баулиды. Осындай ортада шыңдалып, ел қауіпсіздігі жолында қызмет ету – мен үшін үлкен абырой. Ел тыныштығын күзету – әрбір сарбаз үшін қасиетті борыш. Сол борышқа адал болу – менің басты мақсатым», – дейді Әлинұр Тойбек.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Әскери-патриоттық әндер шырқалып, мерекелік көңіл күй сыйлаған шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Отан қорғаушылар күніне арналған бұл кездесу әскери қызметтің мәртебесін айқындай түскен тағылымды іс-шараға айналып, ел қорғаны болып жүрген азаматтарға көрсетілген зор құрметтің жарқын көрінісі болды.

blank blank blank blank blank

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ