Бұған дейін Қостанайда Облыстық «Qolóner» қоғамдық қоры жұмысын бастағанын айтқан болатынбыз. Астана күніне орай аталған қор жергілікті шеберлердің қолымен дайындалған бұйымдарын қала тұрғындарына таныстырды.
Көрменің ең үлкен қатысушылары өңірімізге белгілі өнерпаз, театр әртісі Қабдулмәжит Иманов пен Таңатқан Божақов ақсақалдар. Екеуі де он саусағынан өнер тамған ағаш шеберлері. Қабдулмәжит қария өнерге аса жақын болғандықтан қолдан түрлі аспаптар мен кәдесыйлар жасайды. Таңатқан жерлесіміз күнделікті тұрмыста қолданылатын ыдыс-аяқ бұйымдарын дайындап шығарады.
“Көрменің Астана күніне орай ұйымдастырылуының өзіндік сыры, дәлірек айтқанда тарихи астары бар десе де болады. Бұған дейін бағаланбай келген қолөнеріміздің қажеттілігі сол елордада өткен экспо көрмесінде жұрттың санасына жетті. Содан бері осындай бір дүниелер өңірлерде де қолға алынса деген ой келе бастаған болатын. Міне, соның сәті биыл түсті. Сол астанамыздың күннен күнге құлпыра беруін, жан-жақтағы мегополистер де осы елордамыздай құлпыра түссе деген арманымыз бар”, – дейді Таңатқан Божақов.
Жанар Жағалтаева да ұлттық нақыштағы бұйымдарды бойына сіңіріп өсті. Бүгінде түрлі концерттік бағдарламалар мен арнайы іс-шараларға ересектер мен балалардың киімдерін әзірлейді.
Динара Жатқанованың экологиялық заттары тек екі жасқа дейінгі сәбилерге арналған.
Көрмеге қатысқанына Қымбат Мейрамбекқызы да дән риза. Ол қол дорбалар мен жабындаларды дайындап, ұлттық нақышта тас моншақтармен безендіргенді жаны сүйеді.
Динара Шодыринаның құрымнан, түрлі матадан, жасалған бұйымдары да экологиялық таза өнімдер. Көбінесе ескі дүниелерді қайта жаңғыртып, жаңа қолданысқа енгізіп отырумен айналысады. Көрменің ең жас қатысушылары Мөлдір мен Алинаның жасы небары он бесте. Мөлдір қазақы тақияларды тігіп, оюлармен әспеттесе, Алина түрлі заттарды асыл тастармен әшекейлейді.
Осы қордың жетекшісі Сәуле Қабидулова бұл көрмені ай сайын өткізіп тұруды қолға алып отырғанын айтады.
“Қаламызда әртүрлі бағытта тұтынатын заттардың сауда орындары баршылық. Ал қолөнер бұйымдарына арналған сөрелерді кездестіру қиынның қиыны. Бұл көрме сол ұлттық қолөнер бұйымдарына халықтың сұранысын арттырып, септігін тигізері сөзсіз. Жергілікті халыққа өз брендімізді жақынырақ танытқымыз келеді”, – дейді қор төрайымы.
Расында да осындай кәдесыйлар мен ұлттық нақыштағы бұйымдарды сырттан тасымалдайтынымыз ақылға сыймайды. Ел назары игі дәстүрімізді оятуға осылай ауып жатса, нұр үстіне нұр.
Айбек Ғалымұлы
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков