«Әділет» партиясының Жастар қанаты еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласынан 1,5 мың оқырманның басын қосатын «Оқырман ұрпақ» жобасын іске қосты. Жоба қатысушылары ай сайын бір кітаптан оқып, өзара пікір алмасу, оқылған шығарманы талқылау және интеллектуалды ойындарға қатысу үшін бас қосады.
Бастаманың негізінде «Бір ай – бір кітап – бір кездесу» деген қарапайым әрі айқын қағидат жатыр. Ай сайын қатысушылар кітап клубтарына бірігіп, шығармаларды өздері таңдайды. Ал дәстүрлі талқылаулар квиз, дебат және басқа да заманауи интерактивті форматтармен толықтырылады.
Жоба Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамыту және интеллектуалды ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасын қолдауға бағытталған. Оның басты мақсаты – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, сыни ойлауын дамыту және ашық пікір алмасуға арналған орта құру.

Өңірлерде алғашқы кездесулер басталып та кетті. Қостанай облысында жоба қатысушыларының алғашқы ресми жүздесуі «Әділет» партиясының Қостанай облыстық филиалында өтті. Жиында ұйымдастырушылық қадамдарды талқылап, кітап клубының жұмысына бастама беру үшін алаңда белсенді жастар, студенттер мен әдебиетсүйер қауым бас қосты.
Кездесулерді қаланың әртүрлі алаңдарында – кітапханаларда, коворкингтерде, оқу кеңістіктері мен шығармашылық локацияларда өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар дөңгелек стол басындағы дәстүрлі талқылауларды Quiz, Book Battle, дебаттар, әдеби кештер сияқты ерекше форматтармен байыта түсетіндерін атап өтті.
Кездесудің қонағы ақын, жазушы, драматург, сатирик, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абылай Маудан.
«Смартфондар жастардың бүкіл назарын жаулап алған заманда кітап әлеуметтік желілерде жоқ дүниені – терең ойлау қабілетін береді. Біз Қостанайда бұл жобаны ресми жиындар форматынан арылып, оны жарқын интерактивтермен алмастыру және кітапты жаңа буынның өмір салтына айналдыру үшін бастап отырмыз», – деді кездесу спикері Абылай Маудан.
Жыл соңына дейін «Оқырман ұрпақ» жобасы аясында Қостанай облысында тұрақты оқырмандар қауымдастығын қалыптастыру, ай сайынғы оқу жоспарын түзу, кітап қорларын толықтыру және белсенді жастар арасынан модераторлар дайындау жоспарланған.
Жоба ұзақ мерзімді жұмысқа бағытталған. Қостанайдағы кітап клубы интеллектуалды қарым-қатынастың, пікірталас пен жаңа мағыналар іздеудің тұрақты алаңына айналмақ, өйткені бұл қозғалыстың басты ұраны – «Бір кездесу – бір кітап – мың ой».

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – «Әділет» партиясының баспасөз қызметі
