Дала дәмі — дастарханға дейін oplus_34

Дала дәмі — дастарханға дейін

Бүгін Қостанайда «Дала дәмі» республикалық жобасы аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Қолжетімді бағадағы азық-түлікке сұраныс жоғары болды. Екі сағат көлемінде өнімдердің денін тұрғындар пышақ үстінен бөліп әкетті.

Жәрмеңкеге жергілікті тауар өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары 20,3 тонна өнім әкелді. Сауда сөрелеріне ет пен құс еті, балық, картоп пен көкөністер, өсімдік және сары май, жұмыртқа секілді күнделікті тұтынатын азық-түлік қойылды.

Таң атпай сауда орнына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Бірі ет алуға асықса, енді бірі көкөніс пен басқа да қажетті азық-түлікті қамдап қалуға тырысты. Сауда қыза келе сөрелердегі өнімдер де сирей бастады. Әсіресе, жұмыртқаға сұраныс жоғары болып, сауда басталғаннан кейін небәрі жарты сағаттың ішінде сатылып кетті. Таңғы сағат 10:30-ға қарай азық-түліктің басым бөлігі тұтынушылардың қолына тиген.
blank
Жәрмеңкеге келген қала тұрғындарының бірі Людмила Терентьева ет сатып алып, бағаға көңілі толатынын жеткізді.

blank

– Бағасы көңілімнен шығады. Қажетті азық-түлікті қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік бар. Ет бағасы ұшып тұрғанын білесіздер. Сондықтан осында ет үшін келіп, әжептәуір ақшамды үнемдеп, он шақты келісін алдым. Азғантай зейнетақыға қарап отырған бізге салса, әлде де арзандай түскенін қалаймыз ғой. Алайда бұл да айтарлықтай демеу, – дейді ол.

blank
Ал Майра есімді қала тұрғыны мұндай сауда орындарының жиі ұйымдастырылғанын қалайтынын айтты. Оның пікірінше, жәрмеңке тұрғындарға күнделікті қажеті бар өнімдерді тиімді бағамен сатып алуға жәрдемші.

blank

«Мені қуантқаны — көп азық-түлік «әулеуметтік қажеттілігі бар өнім» деп белгіленіп, әлдеқайда арзан бағамен сатылды. Осы жәрмеңке жиі өтіп тұрса екен. Халықтың менің тілегіммен келісетінін көптен жиналуынан-ақ өздеріңіз де аңғарып отырған швғарсыздар. Қорымызды бір толықтырып алдық», — дейді алаңнан тоқ көңілмен қайтқан апамыз.

blank

Шынында да, азық-түлік бағасы құбылып тұрған кезеңде мұндай бастамалардың маңызы зор. Бір жағынан, тұтынушылардың қалтасына салмақ түсірмей, қажетті өнімін алуға мүмкіндік туады. Екінші жағынан, жергілікті өндірушілер тауарын тікелей сатып, тұтынушымен байланысын нығайтады.

blank

blank
Бүгінгі жәрмеңкедегі сауда қарқыны да тұрғындардың мұндай бастамаға сұранысы жоғары екенін көрсетті. Өнімдердің түс әлетіне жетпей сатылып кетуі – соның айқын дәлелі.

blank

blank