Жылдар жалғаған шаңырақ

Жылдар жалғаған шаңырақ

Арқалықтағы Биекиндер отбасының шаңырағында биыл ерекше қуаныш болды. Қапар Шайсұлтанұлы мен Жұлдызай Әбілхайырова облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды.
Олардың бірге өмір сүріп келе жатқанына 53 жыл болыпты. Төрт бала тәрбиелеп өсірген ерлі-зайыпты бүгінде 14 немере сүйіп отыр.
Елу үш жыл. Бұл бір адамның ғұмырының тұтас бір кезеңі. Осы уақыт ішінде талай нәрсе өзгерді: қала да, заман да, тұрмыс та. Балалар есейді, өз отбасын құрды. Немерелер дүниеге келді. Ал бір шаңырақтың астындағы сыйластық сол күйінде жалғаса берді. Осындай отбасылардың тарихын тыңдағанда «бақытты отбасының сыры неде?» деген сұрақ еріксіз ойға келеді.Мүмкін, оның нақты бір жауабы жоқ шығар. Өйткені әр отбасының өз жолы бар. Бір үйде таңертең мектепке асыққан балалардың дауысы естілсе, енді бірінде немерелердің күлкісі басым. Бір жерде әке кәсібін баласы жалғастырады, енді бір шаңырақта әженің үйреткен өнері немересіне өтеді.
Бірақ бәріне ортақ бір нәрсе бар. Ол – бір-біріне деген құрмет.
Отбасы деген ұғым да осыдан басталатын сияқты. Баланың алғашқы көретіні де, алғашқы үйренетіні де – өз үйіндегі қарым-қатынас. Үлкеннің кішіге қалай сөйлейтіні, қиын сәтте бір-біріне қалай қолдау көрсететіні, еңбекке қалай қарайтыны баланың есінде қалады.
Конституцияда неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында екені бекітілген. Бұл – отбасының қоғам өміріндегі орнын айқындайтын маңызды қағида.blankАл оның күнделікті өмірдегі көрінісі әлдеқайда қарапайым. Баласына уақыт бөлген әкеде, немересіне ақыл айтқан атада, үйдегі үлкенге құрмет көрсеткен балада. Сондықтан «Мерейлі отбасы» сияқты байқаулардың маңызы да тек жеңімпазды анықтаумен шектелмейді. Мұндай шаралар біз күн сайын көре бермейтін қарапайым, бірақ үлкен еңбекті көрсетеді. Бір шаңырақты сақтап қалу, бала тәрбиелеу, ұрпақ өсіру, бір-біріне тірек болу – мұның бәрі көзге көріне бермейтін еңбек.
Биекиндер отбасының 53 жылдық тарихы да осындай еңбектің бір мысалы. Бүгін олардың балалары ата-ана, немерелері өсіп келеді. Бір кездері өздері тәрбиелеген балалар енді өз отбасыларына жауапты. Уақыт осылай өтеді. Ал шаңырақта қалған ең маңызды нәрсе – жылдар емес, сол жылдар ішінде қалыптасқан тәрбие мен өнеге.
Отбасының мерейі де осында шығар. Үйдің үлкен болуы міндетті емес. Ең бастысы, сол үйге кірген адам өзін жақындарының арасында жүргендей сезінсе болғаны. Өйткені шаңырақтың жылуы қабырғасынан емес, адамдардың бір-біріне деген ықыласынан тарайды.