19 июня, 2025
«ОҚЫ және ЖЕҢ»: жеңімпаздар марапатталды

«ОҚЫ және ЖЕҢ»: жеңімпаздар марапатталды

Қостанайда «Оқы және жең» ІІІ облыстық әдеби онлайн байқауы қорытындыланды. Әр санат бойынша жүлдегерлер анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жеңімпаздарды ардақтауға арналған салтанатты іс-шара IQostanay орталығында өтті.
Кітап оқуға ынталандыруды мақсат тұтқан байқау ауқымы мен қатысушылар саны жөнінен елде теңдесі жоқ жобаға айналды.

Төрт айға созылған, төрт кезеңнен түзілген оқымыстылар сынының ережесі қарапайым: үш жас санатындағы қатысушылар бастапқы кезеңдерде тапсырма ретінде берілген үш түрлі кітапты оқып, ол жөнінде әзірленген сұрақтарға жауап беріп, ұпай жинайды. Соңғы айналымда оқылған шығармалар мазмұны туралы эссе жазды. Үздіктерін қазылар алқасы анықтады. Қатысушыларды Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтап, жылы лебізін жеткізіп, жобаның-мән маңызына тоқталды.

«Оқы және жең» Қостанай өңірі тұрғындары арасында танымал жобаға айналды. Мемлекет басшысы да қазақ ұлтын оқитын ұлтқа айналдыру туралы үнемі айтады. Осы қағиданың жүзеге асуына аталған жобаның септігі зор деп білемін. Жобаның ағартушылық, рухани, тарихи маңызы да жоғары десек болады. Өйткені бұл өңір ұлт руханиятының белді өкілдері түлеген топырақ. Жобаның өзектілігі жас ұрпақтың зерделі, зиятты болып өсіп-жетілуіне, тұлға ретінде қалыптасуына серпін беретінінде. Жеңімпаздарды құттықтаймын», – деді Бақытжан Нарымбетов.

«Байқаудың ерекшелігі — он жастағы баладан зейнет жасындағы облыс тұрғындарын түгел қамтыды. Көпшілікке қозғау салды. Кітап бетін ашпаған жеткіншектердің қызығушылығын оятты. Байқағаным, алдыңғы жылдағылардан гөрі мықты оқырмандар қатары қалыптасқан. Әсіресе, 19 жасқа дейінгі үміткерлердің ынта-ықыласы сүйсіндірді. Жалпы, бәрі де ерекше құлшыныспен қатысқанына куә болдық. Бәрін де жеңімпаз дей аламыз. Жақсы жоба жалғаса бергей», – деді ақын, қазылар алқасының мүшесі Нұрқанат Құлабаев.

Сонымен, 10-14 жас санатында 3-орын алған Қостанай ауданынан Інжу-Маржан Марқабайдың, әулиекөлдік Бекарыс Мырзаш, әулиекөлдік Томирис Нұрпейіс, 15-18 жас санатында 3-орынды қостанайлық оқушы Жазира Кенжебекова, қостанайлық студент Даяна Даниярқызы, науырзымдық Жансая Сәлімгерейқызы иеленді. 19 және одан жоғары жастағы оқырмандар санатында 3-орынға аманкелділік мұғалім Мәди Шөптібай, рудныйлық мұғалім Жанбота Ғиса, облыстық Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Арайлым Исмағұлова ие болды.

Орыс тілді оқырмандар арасында 10-14 жас санатында 3-орынға қостанайлық оқушылар — қостанайлық Ирина Харина мен Алима Халитова, рудныйлық Саида Хусаинова, 15-18 жас санатында ұзынкөлдік Кирилл Райляну, рудныйлық Дмитрий Классен, арқалықтық Алина Иштемирова, 19 және одан жоғары жас санатында әулиекөлдік Каролина Кельм, қарабалықтық Мария Качко, сарыкөлдік Валентина Токарева ие болды.

2-орынға 10-14 жас санатында Амангелді ауданы оқушысы Асыл Болатбекқызы, қостанайлық оқушылар — Асылнұрай Байжан, Камила Нұрпейісова, Диана Бейсембина ие болды.
15-18 жас санатында қостанайлық студент Инабат Асылхан, рудныйлық Әсем Биғалиева, қостанайлық оқушы Аян Көсембаев, қарасулық оқушы Снежана Кәкімова 2-орын алды.
19 және одан жоғары жас санатында Ахаң атындағы ҚӨУ аға оқытушысы Шынар Төлегенова, науырзымдық 9 немеренің әжесі Балжан Байтасова, қостанайлық мұғалім, бес баланың анасы Данара Төлепова 2-ші тұғырдан көрінді.

Ал 1-орынды 10-14 жас санатында Нұрай Жылқыбай, қостанай Ясмина Усембаева иеленді.
15-18 жас санатында арқалықтық Лунара Алмат, федоровтық Полина Мозер;
19 және одан жоғары жас санатында ұзынкөлдік Алмас Мұратбек, федоровтық Веда Шумская жеңімпаз атанды.

  Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

 

Жандос ЖҮСІПБЕК,

Олжас Ғабдімәлік

ҚӨУ студенті