Ойраны шыққан ойын алаңына кім жауапты?

Ойраны шыққан ойын алаңына кім жауапты?

Лисаков қаласының тұрғыны редакциямыздың әлеуметтік желідегі парақшасына 6 А шағын аудандағы №1, №2, №3 үйлердің арасында орналасқан ойын алаңның қазіргі жағдайына қатысты шағым жолдады.

Тұрғынның айтуынша, ойын алаң 2024 жылдың қазан-қараша айларында, күн суытқан кезде асығыс салынған. Алайда бүгінге дейін аумақ толық абаттандырылмай, қараусыз қалған.

– Бұл жер не футбол ойнайтын алаң емес, не балалар ойын алаңы емес. Ешқандай жабдық жоқ. Қазір мұнда балалар да, ит жетектеген адамдар да жүреді. Ит қыдыртатын орынға айналды, – дейді қала тұрғыны.

Сонымен қатар тұрғын ойын алаң айналасындағы тротуарлардың да тозып тұрғанын айтады. Оның  жаяу жүргіншілер жолындағы төсемтастар қисайып, кей жері шашылып жатыр. Алаңға кіретін баспалдақтардың тастары да опырылған күйде қалған.

– Ойын алаңына апаратын жолдың жартысы бар, жартысы жоқ. Екі жылдан бері ешкім жөндеген емес. Бәрі қалай болса, солай дал-дұл болып жатыр, – деп жазыпты лисаковтық тұрғын.

Аталған мәселеге байланысты «Қостанай таңы» редакциясы Лисаков қалалық ішкі саясат бөліміне сауал жолдады. Мекеменің мәліметінше, 2023 жылы бұл аумақта балалар алаңын орнатумен айналысқан мердігер ұйым жұмысты белгіленген мерзімде аяқтамаған.

– Мердігер ұйым келісімшарт талаптарын толық орындамағандықтан, келісім бұзылды. Осыған байланысты қаражат төленген жоқ. Биыл аталған аумаққа балалар ойын алаңын орнату жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жеткізушілерден баға ұсыныстары туралы келісу жұмыстары жүргізілуде, – делінген ресми жауапта.

Қала тұрғындары жаңа алаң сапалы салынып, аумақ толық ретке келтіріледі деп үміттенеді.

 

         Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

         Аружан СЕРІК,

ҚӨУ студенті