Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі Департментіне қарасты №76 мекемесінің тергеу изоляторының қызметкері, әділет майоры Кубеков Серік Оралбайұлы «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Облыс орталығында орын алған өрт оқиғасы кезінде жеке құраммен жұмыс жөніндегі топтың кәсіби, қызметтік және дене даярлығы бойынша аға инспекторы, әділет майоры Серік Оралбайұлы жоғары қырағылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті.
Ол тергеу изоляторы қызметкерлері тұратын үйдің маңынан өтіп бара жатып, өрт белгілерін байқап қалады. Уақыт оздырмай үйге кіріп, ұйықтап жатқан тұрғындарды оятып, қауіпсіз жерге шығарады. Бұдан кейін гаражда тұрған жаңа автокөлікті де дер кезінде сыртқа шығарып, оны өрттен аман алып қалады.

Әділет майорының жедел әрі кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында өрттің таралуына жол берілмей, азаматтардың өмірі мен мүлкі сақталып қалды. Оның бұл әрекеті – қызметтік борышқа адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің және нағыз ерліктің айқын көрінісі.
Осы ерлігі үшін жеке құраммен жұмыс жөніндегі топтың кәсіби, қызметтік және дене даярлығы бойынша аға инспекторы, әділет майоры Кубеков Серік Оралбайұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Бұл марапат – оның ел қауіпсіздігі жолындағы адал қызметі мен адам өмірін құтқарудағы батылдығына берілген жоғары баға.
Сералы МЫРЗАБАЙ