Амангелді ауданы білім бөлімінің Қарынсалды негізгі орта мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында аудандық семинар өтті.
Семинар жұмысына жалпы білім беретін мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аға тәлімгерлер мен сынып жетекшілері қатысты.
Іс-шара салтанатты түрде ашылып, бағдарламаға сәйкес психологиялық тренингтер, шеберлік сабақтары, ашық тәрбие сағаттары және спорттық іс-шаралармен жалғасын тапты.

«Семинар аясында зейнеткер ұстаз, қолөнер шебері Гүлсін Молдағалиева оқушыларға арналған «Қазақтың төл өнері» тақырыбында ұлттық өнер бағытындағы шеберлік сабағын өткізді. Шеберлік сағатында қатысушыларға көшен көрпені тігу әдісі таныстырылып, қазақ қолөнерінің ерекшеліктері насихатталды», – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Мақпал Мұхамбетова.
Семинар мектеп өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен аяқталып, семинар барысында тәжірибесін көрсеткен мұғалімдерге Амангелді ауданы білім бөлімінің сертификаттары табыс етілді.

Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА
ҚӨУ студенті
