Қостанай қаласында Отан қорғаушылар күніне орай облыс әкімдігінің алдында «Қорғаушы жүрегі – ел жүрегі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздар мен ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында өткен шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.

Кештің басты мақсаты – Отан алдындағы адал қызметтің маңызын дәріптеп, жас ұрпақтың бойына патриоттық рух қалыптастыру болды. Мерекелік сахнада өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, мың бұралған бишілер көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсіресе елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттайтын әндер көпшіліктің жүрегінен орын тапты.

Концерт барысында әскери қызметтің абыройы мен ел қорғаудың қасиетті міндет екені ерекше айтылды. Ардагерлер мен әскери сала қызметкерлеріне алғыс білдіріліп, олардың ерлігі мен еңбегі жас буынға үлгі екені атап өтілді.

«Қорғаушы жүрегі – ел жүрегі» атты мерекелік кеш тұрғындарға ерекше әсер қалдырды. Бірлік пен отансүйгіштік рухы сезілген бұл шара ел қорғандарының мәртебесін асқақтатып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
БОТА МАНЕТ
