Соңғы сегіз айдың ішінде Қостанай қаласының аумағында 122 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жау үш адамның өмірін жалмап және тағы екі адам жапа шекті.
Биылдыққа орын алған төтенше жағдайлар мен сақтану мақсатында жасалған шаралары туралы 22-қыркүйек күні қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде айтылды. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі А.Махмұтов соңғы сегіз айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, төтенше жағдайлар қызметі ала жаздай саяжайлардағы ахуалға алаңдаушылық танытқан. Өйткені, қала сыртындағы бау-бақша аумақтарында үш өрт және 17 жану оқиғасы тіркеліпті.
«Қауіпсіздік талаптарын ескермеу, қоқыс, шөп, тұрмыстық қалдықтарды жағу салдарынан өртену фактілері жиілеген. Келеңсіз жағдайларды бұдан әрі болдырмау және алдын алу мақсатында мобильді топтар құрылды. Оның құрамында азаматтық қорғаныс, полиция қызметі, орман шаруашылықтары мен жергілікті атқарушы органдар мамандары бар. Арнайы жасақталған топтар саяжайларда 40-тан астам рейд жүргізіп, қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін 54 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 717 590 теңге айыппыұл салынды», – деді А.Махмұтов.
Қаладағы жағдайды тұрақты бақылап отыру үшін пилотсыз ұшу аппараттары қолданылып жатқан көрінеді. Өрт шыққан сәтте алғашқы көмекке қажетті құралдар да бар. Өрт сөндіру қызметіне үш жүзден астам ерікті жұмылдырылған. Олар тиісті техникамен, құрал жабдықтармен жасақталған. Төтенше жағдайлар басқармасы қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің көмегімен 25 гектар жердің қамысын шапты.
«Қалада өрт сөндіру депосы мен техника жетіспейді. Мұндай қажетіллік өртті дер кезінде ауыздықтауға кедергі келтіреді. Нормативтік талаптар бойынша 8 бекет болуы тиіс. Сондықтан, «Қонай» және «Солтүстік-батыс» шағын аудандарында өрт сөндіру бекеттерін салу мәселесі қарастырылған болатын. Оның құрылысына жер телімі бөлініп, әрі қарай тиісті шаруалар жасалуда», – деді А.Махмұтов.
Былтыр жылыту маусымы кезінде қалада 44 өрт фактісі тіркеліп, 1 адам жапа шекті, 3 адам қаза тапты. Қыс мезгіліндегі өрттің шығуына негізгі себеп – пеш жағу және жылыту құралдарын іске қосу кезінде ережені сақтамау, электр желілерінің ескіруі. Мұндай жағдайлар көбінесе жеке меншік секторда және тозығы жеткен ескі үйлерде анықталған. Биылғы жылу беру маусымы басталар алдында төтенше жағдайлар қызметі өрт қауіпсіздігінің айлығын өткізді. Әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерге тексерісс жүргізіп, өрт қауіпсіздігі туралы ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Биыл 2,9 мың үй төтеншеліктердің тұрақты назарына ілікті. Білім бөлімімен бірлесе саяжайларды да бақылап отырады. Өйткені, саяжайлардағы 382 үйде балалар тұрып жатыр.
«Рейд барысында жылу беру жүйесінің, электр желілерінің жәй-күйін қарап, газ датчиктерін орнатып, тұрғындарға жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану туралы кеңестер беріліп жатыр. Балалардың денсаулығы мен өміріне қатер төнгені анықталса бірден тиісті органдарға ақпарат жіберіледі. Былтыр 21 үйдің пеші жөнделіп, 19 бу тартар тазартылды. 11 үйдің ескірген электр желілері жаңарып, 349 үйге газ датчигі орнатылды. Биыл тағы да жүзден астам датчик орнату жоспарлануда», – деді баяндамашы.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айдана МАРАТ
