Өрісі кеңейген өңір: Амангелді ауданының даму көрсеткіштері жария етілді

Өрісі кеңейген өңір: Амангелді ауданының даму көрсеткіштері жария етілді

Амангелді ауданы алға адымдап келеді. Ауқымды жобалар, жемісті бастамалар өңір өрісін кеңейте түскен. Ауыл шаруашылығы алға жылжып, кәсіпкерлік қанат жайып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңарып келеді. Ендігі міндет – қолға алынған жобаларды соңына жеткізіп, аудан әлеуетін одан әрі арттыру.

Экономика еңселеніп келеді
Торғай өңіріндегі елді мекендердің тынысы нақты көрсеткіштермен өлшенеді. Амангелді ауданында биыл атқарылған жұмыстар оңды өзгерістерден хабар беріп отыр. Әу бастан аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығының табысы толайым. Салада өндіріс көлемі артып, өріске мал өргізген жаңа жобалар қатарға қосылды. Аудан әкімі Қанат Кеделбаевтың айтуынша, ендігі кезеңде мал шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды мал басын көбейтуге және өндірісті әртараптандыруға басымдық берілмек.

«Аудан экономикасының ең еңселі саласы – ауыл шаруашылығы. Сондықтан бұл бағыттағы әлеуетті тиімді пайдалануымыз қажет. Қазіргі таңда бірқатар шаруашылық ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Мысалы, «Bek Invest Burabai» серіктестігінің «Береке» бағдарламасы арқылы 1,1 млрд теңге несие алып, Ресейден мың бас асыл тұқымды «Калмақ» сиыры мен 33 асыл тұқымды бұқа әкелу жоспары бар. Бұған қоса, аталған серіктестік Амантоғай ауылында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды көздеп отыр. Жоба құны – 2,2 млрд теңге. Нысан толық қуатына шыққанда жылдық өнімділік он мың басқа дейін көбейіп, 32 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Мұның сыртында ауданның 21 шаруа қожалығы «Жайлау» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, жалпы құны 4,5 млрд теңгенің несиесіне құжат әзірлеуде», — дейді аудан әкімі.

blankАуылдағы экономикалық белсенділіктің тағы бір көрсеткіші – шағын және орта бизнес. Ауданда 1 012 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 1,8 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкерлер бюджетке 400 млн теңгеден астам салық түсірген. Мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланушылар да бар. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 22 адам оқып, сертификат алды. Соның ішінде бес адам мемлекеттік грантқа ие болып, шиномонтаж, су сату қондырғысы, етік тігу, полиграфия және шаштараз бағытында кәсіп бастауға мүмкіндік алды.blankblank

«Амангелді ауылында жеке кәсіпкер Дүйсенбек Айтбаев өз қаражатына 350 млн теңге инвестиция салып, 300 орындық үлкен және 100 орындық шағын залы бар тойхана салды. Жоба нәтижесінде 12 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал кәсіпкер Жансая Дәуренова 12 млн теңгеге «Саяжан» сұлулық салонын іске қосып, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыды», — деп нақты мысалдар да келтіре кетті аудан басшысы.

blankӘлеуметтік салада да серпін бар
Амангелді ауданында халықты жұмыспен қамту бағытында да бірқатар шара жүзеге асқан. Жыл басынан бері 305 жұмыс орны құрылыпты. Жұмыс сұраушы ретінде тіркелген 584 адамның барлығы дерлік қос қолға бір күрек тауып отыр.blankДенсаулық сақтау саласында да шешімін күткен түйткілдер түйіні тарқап келеді. Медициналық құрал-жабдықтарға 105 млн теңге жұмсалды. Аудандық емхана ғимаратына облыстық бюджеттен 219 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Маман тапшылығы да біртіндеп кеміп келеді. Биыл ауданға үш дәрігер мен бес орта буын медицина қызметкері жұмысқа орналасқан.

«Білім беру нысандарында да жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бес мектепте 145,1 млн теңгеге қатардағы жөндеу жүргізіліп, білім беру ұйымдарына 53,1 млн теңгенің негізгі құралдары сатып алынды.
Спорт саласында аудан тұрғындарының 49,2 пайызы жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысады. Биыл 400-дей спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 10 мыңнан астам адам қатысты. Амангелді ауылындағы хоккей кортының құрылысы да биыл аяқталмақ», — деп ақпарат берді аудан әкімі.

blankТорғайға түрен салған жобалар
Алдағы жылдарға арналған жоспардың жүгі де жеңіл емес. Үкіметтің 2026–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде Амангелді ауданында бірқатар ірі жобаны іске асыру көзделген.
Солардың қатарында Амангелді ауылындағы стадионды жаңғырту, 10 500 тонна көкөніс сақтайтын қойма салу, балалар шығармашылығы үйін қалыпқа келтіру, Үштоғай ауылындағы Рассвет мектебіне спорт залы үшін жапсарлас құрылыс салу және Байғабыл ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғызу жоспары бар.
Әлеуеті зор салалардың бірі – туризм бағыты. Амангелді ауылындағы көп бейінді туристік кешен құрылысына 2021 жылдан бері 4,3 млрд теңге жұмсалған. Кешен аумағында қазірдің өзінде бірқатар нысан жұмыс істейді. Оны жылына 2,5–3,5 мың адам келіп тамашалайды. Қазір «Дешті қыпшақ» мұражайы мен «Тәж-Махал» ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Кешенді келер жылы толық аяқтау көзделіп отыр.
Ауылдардың көркін кіргізіп, тұрғындардың өмір сүру ортасын жақсарту жұмыстары «Таза Қазақстан» бастамасы аясында да жалғасуда. Елді мекендер тазартылып, заңсыз қоқыс орындары жойылып, балалар алаңдары орнатылып, көшелер жарықтандырылуда. Биыл аудан көлемінде 1 500 түп жас көшет отырғызу жоспарланған.blankАмангелді ауданының бүгінгі ахуалы – бір күннің емес, кезең-кезеңімен атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі. Ендігі жерде қолға алынған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемін ұлғайту, кәсіпкерлікті кеңейту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартудың маңызы зор.blankТорғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше назар аударылып отырған қазіргі кезеңде Амангелді ауданының алдында жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Сол мүмкіндіктерді нақты іске айналдыру – алдағы уақыттың басты міндеті.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ