Қайғылы оқиға: Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің барлығы табылды

Қайғылы оқиға: Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің барлығы табылды

Бүгін сағат 09:15-те үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде қаза тапқан қалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша, оқиға орнындағы іздестіру жұмыстары толық аяқталды.

Бұл туралы Үкіметтік комиссия өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Избергенов мәлімдеді.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ қаруластарына көңіл айтылды.

Қазіргі таңда Үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге жан-жақты көмек көрсетілуде.

Оқиғаға қатысты құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп, қылмыстық іс қозғады. Арнайы топ қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын және себеп-салдарлық байланыстарын анықтап жатыр.

Тергеу барысында оқиғаға қатысты барлық дерек мұқият тексеріліп, оған қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу мен сот нәтижесінде кінәсі анықталған адамдар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Үкіметтік комиссияның негізгі міндеті – қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтап, қажетті шараларды қабылдау.

Тергеу нәтижелері мен ресми ақпарат қоғамға уақытылы жарияланады.