Оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссияның отырысында белгілі болды.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі («ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Оқиға кезінде құтқарылған әскери қызметшінің денсаулық жағдайы да қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери қызметші есін жиып, қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Қасында ата-анасы бар.
Сонымен қатар қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.
Жиында отбасыларға көрсетілетін қаржылық көмектің толық ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Қаражат мемлекеттік төлемдер мен заңда белгіленген өтемақыларды ғана емес, бизнес өкілдері мен меценаттардың көмегін де қамтиды.
Қаражатты бір жерге шоғырландыру үшін арнайы қор ашылды. Оның қызметін Маңғыстау облысының әкімдігі тұрақты бақылауда ұстайды.
