Өңірлік форсайт орталығы ашылды

Өңірлік форсайт орталығы ашылды

Бүгін Қостанайда отандық ғылым мен ірі бизнестің алтын көпіріне айналатын бірегей жоба іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, Президент жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы аймақта тұңғыш рет өңірлік форсайт орталығын ашты.

А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеттің смарт-орталығында басталған ауқымды форсайт-сессия ғылымды тек қағаз жүзінде қаржыландырудың ескі жүйесін бұзып, оны алып өндіріс орындарының нақты технологиялық мұқтаждықтарына бағыттаудың жаңа дәуірін бастап берді.

Іс-шараның шымылдығын түрген ҚР Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті Елена Шевченко ғылым мен бизнестің коллаборациясын жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қазіргі уақытта университеттер мен зерттеу орталықтарының әзірлемелерін нақты секторға жеткізу тетіктері жолға қойылуда.

«2024 жылдан бастап аймақтармен тікелей жұмыс істеуді қолға алдық. Еліміздегі ғылыми қауымдастықтың басым бөлігі Астана мен Алматыда шоғырланғанымен, мемлекет дамуының негізгі қозғалтқыш күші – өңірлер. Сондықтан біз кәсіпорындардың нақты мұқтаждықтарын зерделей келе, отандық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, ғылым үшін 220 негізгі стратегиялық міндетті анықтадық. Ал 2025 жылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленіп, олардың бір бөлігі 2026-2028 жылдарға арналған конкурстардың тақырыптарына енді. Бұдан былай министрлік тақырыптарды жоғарыдан ұсынбайды, оны өңірдегі ғалымдар мен бизнес өкілдері бірлесіп, төменнен жоғарыға қарай қалыптастырады», – деп атап өтті Елена Шевченко.

Академия вице-президенті аймақтық деңгейдегі конкурстарды ашық әрі тиімді өткізу үшін арнайы үш әдістемелік құжат (форсайт жүргізу, ғылыми-техникалық тапсырмаларды әзірлеу және гранттық конкурс өткізу нұсқаулықтары) дайындалғанын жеткізді.

Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қоңқабаев бұл бастаманың өңірдің экономикалық әлеуетін арттырудағы рөлі зор екенін айтып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«Ғылым, инновациялар және жаңа технологиялар тұрақты экономикалық өсудің, еңбек өнімділігін арттырудың және халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың ажырамас бөлігі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтық ғылымның рөліне ерекше тоқталып, оны нақты сектормен интеграциялауды тапсырған болатын. Осы мақсатта біздің облыста ғылым және технологиялар жөніндегі аймақтық кеңес құрылып, Ұлттық ғылым академиясының ұсыныстары негізінде ғылымды дамытудың бес басым бағыты бекітілді. Олар – агроөнеркәсіптік кешен, тұрақты табиғатты пайдалану, минералды шикізатты қайта өңдеу мен қалдықтарды екінші рет пайдалану, машина жасаудағы зияткерлік жүйелерді дамыту, ақпараттық технологиялар және өнеркәсіпті цифрландыру. Бұл бағыттар жай ғана қағазда қалмайды. Облыстық мәслихаттың шешімімен ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығыстар үлесінің нысаналы индикаторы облыстың 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына ресми түрде енгізілді. Қазірдің өзінде өңірдегі жоғары оқу орындары кәсіпорындармен бірлесіп, жалпы сомасы 5,5 миллиард теңгеден асатын 8 жобаны жүзеге асыруда. Бүгін ашылып отырған өңірлік форсайт орталығы ғалымдар, бизнес және мемлекеттік органдардың басын қосатын, өндірістік қоғамға қажетті практикалық шешімдер әзірлейтін тұрақты алаңға айналады деп сенемін», – деді Назарбек Қоңқабаев.

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры Сейітбек Қуанышбаев университет базасында мұндай сараптамалық алаңның ашылуын үлкен мәртебе әрі жауапкершілік деп бағалады.

«Қазіргі технологиялық бәсекелестік заманында аймақтың қуаты тек табиғи ресурстармен емес, интеллектуалды әлеуетпен өлшенеді. Біздің университетте агротехнология, инженерия, цифрландыру және экология бағытында мықты ғылыми мектептер қалыптасқан. Алғаш рет жергілікті бюджет есебінен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру механизмі іске қосылып отыр. Бұл – аймақтық ғылым үшін жаңа дәуір. Енді ғылым кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың тікелей құралына айналады», – деді ректор.

Ресми ашылудан кейін басталған форсайт-сессияда аймақтың алып кәсіпорындары мен ғалымдары нақты кейстерді ортаға салды. Жиында талқыланған өзекті тақырыптардың қатарында «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ өндірістік міндеттері: Кен орындарын оңтайландыру және карьерлерді пайдаланудың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырудың инновациялық шешімдері туралы Виктор Моисеев, Сергей Кузьмин баяндады.

Ал коммерцияландыру платформасы бағытында Лабораториядан нарыққа дейінгі жолды қысқартатын академиялық және технологиялық басымдық орталығының моделі жайында Әлия Ыскақ айтып берді. Тұрақты ауыл шаруашылығы саласы бойынша өңірде карбонды жер өңдеуді дамыту және цифрлық шешімдерге негізделген адаптивті егіншілік тақырыбында Әсия Aнсабаева, Александр Сидориктер баяндама жасады. Инновациялық өнім жайында «Өсімдік негізіндегі құрғақ сүт алмастырғышын әзірлеу және өндіріске енгізу» тақырыбында жобаны Валентин Хаданович көтерді.

Форсайт-сессияның екінші бөлімі жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдеріне арналған оқыту семинарына ұласты. Онда жергілікті бюджеттен берілетін гранттарды бөлу, конкурстық рәсімдерді ашық өткізу және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді жолдаған – ҚӨУ баспасөз қызметі