Қостанай ауданында өрт сөндіру бөлімі ашылды

Қостанай ауданында өрт сөндіру бөлімі ашылды

Жаңа бөлім Тобыл қаласы іргесінде салынып жатқан Астана, Бәйтерек шағын аудандары маңнынан бой көтерген. Бүгін нысанның ашылу салтанаты өтіп, сала қызметкерлеріне арнаулы көліктер кілті табыс етілді.

Бұл – өңір қауіпсіздігін нығайтуға, төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бөлім құтқарушылардың құрығын ұзартып, халықтың қамсыз өмірі мен мүлкін қорғау қызметінің деңгейін өсіре түсері сөзсіз.blankblankblankЖаңа нысанның ашылу рәсіміне ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов және облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысты. Министр құттықтау сөзінде таяу келешекте 60 мыңнан астам тұрғыны болатын шағын аудандар үшін бұл депоның қажеті аса зор екенін айтты. Сондай-ақ өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмысқа жоғары баға берді.blankblankblankblank

«Кейінгі екі жылда Мемлекет басшысының қолдауымен Төтенше жағдайлар саласы қарқынмен дамып келеді. Ел көлемінде осындай жаңа нысандар ашылып, техникалық база жаңарып жатыр. Қызметкерлеріміздің әлеуметтік ахуалы түзеліп, тұрғын үй мәселесі шешілу үстінде. Мұның бәрі жүйелі жоспардың арқасы. Бүгін ашылып отырған депо да соның айқын көрінісі деп ойлаймын. Бірінші кезеңде қажетті жер көлемі алынды. Екінші кезеңде әкімдікпен арадағы келісім бойынша жатақханалар бой көтереді. Құрылысқа атсалысқан барша азаматқа және Құмар Іргебайұлына ерекше алғыс айтқым келеді», – деді министр.

blankОсыдан соң Шыңғыс Әрінов құтқару қызметінің дамуына қосқан елеулі еңбегін ескеріп, бірқатар азаматқа марапат табыстады. Атап айтқанда, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиевті, Рудный қаласының басшысы Виктор Ионенконы, «Варваринское» ЖШС бас директоры Әбдірахман Исаевты наградтады. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов, «Dmistral» ЖШС бас директоры  Азат Әуезханов және осы серіктестіктің жоба жетекшісі Талғат Ахмедияров, «Колос» ЖШС басшысы Инна Корнеева ҚР ТЖМ Алғыс хатына ие болды.  blankblankblank blankБүгінгі оқиғаның тағы бір елеулі жаңалығы – жаңа депоны қоса есептегенде, облыстың бірқатар өрт сөндіру бөлімі су жаңа 12 арнаулы техникамен толығып отыр. Атап айтқанда, министр бүгін ашылған № 28 және осы аудандағы №6 өрт сөндіру бөлімдерінің басшылығына әртүрлі маркадағы үш көліктің кілтін табыс етті. Қостанай қаласындағы №1 және 6 бөлімдер және Қамысты, Әулиекөл аудандарындағы деполардың басшылары да автокөлік иеленді. Сондай-ақ аталмыш  №28 бөлімнің бастығы, азаматтық қорғау майоры Тимур Бришевке ғимараттың кілті салтанатты түрде табысталды.blankblankblankblankblankСалтанатты рәсімде облыс әкімі Құмар Ақсақалов та сөз алып, өңірде халық қауіпсіздігін қамсыздандыру бағытында қолға алынған шараларға кеңінен тоқталды. Оның мәліметінше, кейінгі үш жылда бұл салаға 3 млрд теңге бөлінген. Осы сомаға елуге жуық арнаулы техника, қызметтік көлік сатып алыныпты. Облыстық ТЖД-дан бастап, аудан-қаладағы өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару бекеттері толық жөнделген.blank

«Биыл 1,4 млрд теңге бағытталды. Бұл – 2022 жылғымен салыстырғанда 4,2 есе көп сома. Одан бөлек, кейінгі үш жылда мекемелерді материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтауға 8 млрд теңге шамасында қаржы құйылды. Ұзын саны 51 өрт сөндіру көлігі сатып алынып, оның 25-і екі апта бұрын ғана пайдалануға берілді. 86 трактор, 36 шағын орман өрті кешені және 78 бақылау техникасын қатарға қостық. Орман мекемелерінің техникалық қамтылымы 76-дан 90% көрсеткішке жетті. Соның ішінде өрт сөндіру машиналарымен олар толықтай қамтылып отыр», – деп ақпарат берді Құмар Ақсақалов.

blankЖаңа өрт сөндіру бөлімінің тұтынысқа берілуі де үздіксіз жалғасып келе жатқан жүйелі жұмыстың жемісі екенін айтты.

«Бұл – таяу маңдағы елді мекендер, әлеуметтік нысандар және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында болуы ықтимал оқыс жағдайлардың жедел алдын алуға жол ашатын заманауи өрт сөндіру бөлімі. Сондай-ақ өрттен келетін экологиялық және экономикалық зардапты азайтуға ықпалы зор болмақ. Жаңа нысан ел игілігіне қызмет етіп, тұрғындар қауіпсіздігін сақтауда сенімді кепіл болсын! Өрт маусымы тыныш өтіп, дабыл шақырулары барынша аз болғай», – деп тілек білдірді облыс әкімі.

blankБөлімнің жеке құрамына, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қызметкерлеріне жаниқиярлық еңбегі үшін алғысын айтты. Ізінше өңір басшысы да жаңа арнаулы техникалар кілтін табыстау рәсімін жалғастырды. Әуелі еңбегі елеулі бірнеше азамат Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Содан кейін Қостанай, Әулиекөл аудандары мен Қостанай, Лисаков қалаларының өрт сөндіру бөлімдеріне алты арнаулы автокөлік кілті еншіленді.blankblankblankblankОлардың қатарында бүгін ашылып отырған №28 бөлімнің  қызметкері, өрт сөндіру автокөліктерінің аға инструкторы, азаматтық қорғау старшинасы Дастан Қашаев бар.  Еңбек өтілі алты жылдан асатын кәнігі маман техниканың жаңаруы мен депо қызметінің жандануын үлкен игілікке балайды.blank

«Жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы өңіріміздегі ең бір жақсы жаңалықтың бірі деп есептеймін. Бұл біз секілді саптағы қызметкерлерден бұрын халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған қам. Нысанымыз аудан орталығы ғана емес, алысты жақындатып, көптеген іргелес елді мекенді қамтып отыруға кепілдік береді. Ал енді тақымымызға су жаңа көліктің бұйыруы да үлкен қуаныш. Жалпы, соңғы кезде осы салаға ерекше назар бөліне бастады ғой. Ол үшін мемлекет басшылығына ризашылық білдіреміз», – деді Дастан Қашаев бізге берген сұхбатында.

blankМарапаттау рәсімі аяқталысымен іс-шараның ең маңызды сәті – үр жаңа ғимараттың тұсаукесер салтанатына кезек келді. Нысанның лентасын министр Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Құмар Ақсақалов және азаматтық қорғау органдарының ардагері Александр Мельников қиды. blankОсыдан соң жиылған қауым ғимарат ішін аралап, жабдықталым жай-күйімен танысты.blankblankblankblankblankblankblankblankblankblankblankblank

    Ж.Балғынбекұлы            

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев