Моно шаһарда 7 мың шаршы метр аумаққа төсемтас төселеді

Моно шаһарда 7 мың шаршы метр аумаққа төсемтас төселеді

Лисаков тұрғындарын жақын арада ауқымды абаттандыру жұмыстары күтіп тұр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі көшелер мен алаңдарға төсемтас  төсеу конкурсының қорытындысын жариялады.

Жобаның басты ерекшелігі – мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаржысы едәуір үнемделді. Бастапқыда бұл мақсатқа 123 миллион 106 мың теңге бөлінген болатын (оның 37,1 миллионнан астамы 2026 жылға, ал 65,1 миллионнан астамы 2027 жылға жоспарланған). Алайда, мердігерлердің өзара бәсекесі мен тиімді баға ұсынысының арқасында жоба құны бірден 20 миллион теңгеге арзандады. Нәтижесінде бекітілген келісімшарт сомасы 102 209 920 теңгені құрады.

Аталған конкурсқа жалпы саны 5 ұйым қатысып, бақ сынаған. Олардың қатарында лисаковтықтарға жақсы таныс жергілікті «Жаңа Өмір — 2012» ЖШС де болды. Дегенмен, тартысты бәсекеде Тараз қаласынан келген «Мол Бақыт — 2030» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігі жеңіске жетіп, бас мердігер атанды.

Техникалық құжаттамаға сәйкес, жұмыс көлемі өте ауқымды. Мердігер компания 7000 шаршы метрге жуық тротуар плиткасын төсеу, 8330 метрден астам жиектас (бордюр) орнату, қиыршық тас пен геотекстильден берік негіз дайындау, топырақ қазу және оны тығыздау жұмыстарын жүргізу міндеттерді атқаруы тиіс.

«Абаттандыру үшін қалыңдығы 60 мм болатын, беріктігі мен аязға төзімділігі жөнінен мемлекеттік стандарттарға (МЕМСТ) толық сай келетін түрлі-түсті бетон төсемтастар қолданылады. Материалдардың түсі мен формасы міндетті түрде тапсырыс берушімен алдын ала келісіледі», — дейді Лисаков қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұржан Молдабаев.

Жобаны іске асыру мерзімі кезең-кезеңге бөлінген. Негізгі жұмыстар 2026 жылдың маусым айынан қазан айына дейін жүргізіледі. Ал жекелеген іс-шараларды толық аяқтау 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған. Брусчатка төселетін нақты көшелер мен учаскелер қалалық әкімдікпен бірлесе отырып анықталады.

Тапсырыс беруші тарап бақылаудың қатаң болатынын ескертті. Мердігер күн сайын атқарылған жұмыс туралы есеп беріп отыруға, сондай-ақ жұмысты бастамас бұрын полиция мен коммуналдық қызметтерден барлық қажетті рұқсаттарды алуға міндетті. Бұған қоса, құрылыстан шыққан барлық қоқысты мердігер өз есебінен шығарып, кәдеге жаратады.

Ең бастысы, төселген төсемтасқа 3 жылдық кепілдік беріледі. Егер осы уақыт ішінде қандай да бір ақау (ойықтар, сынулар) анықталса, компания хабарлама алған сәттен бастап 15 күн ішінде өз қаражаты есебінен бәрін қалпына келтіруі тиіс.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Фото газет архивінен алынды

Лисаков қаласы