Бұл – өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында айтылған дерек. Демек, өрт қаупіне қарсы шараларды күшейте түсу – өткір мәселе. Осы бағыттағы жұмыс жоспары пысықталып, қадау-қадау тапсырма берілді.
Облыста бірер айдың көлемінде 56 өрт оқиғасы болған. Бұл өткен жыл деңгейімен сәйкес. Өкінішке қарай, Алтынсарин ауданында бір адамның өлімі де тіркелді. Ал былтыр Жітіқара ауданында тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан бес бірдей баланың қаза тапқаны әлі ел есінде. Осыған байланысты облыс әкімі қос ауданның басшысынан жаңа маусым барысы туралы есеп алып, әр қадамды қатаң қадағалауға пәрмен берді.
«Оқыс жағдайлардың алдын алу бағытында жұмыстар олқы жүргізіліп жатқан жоқ. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де тіркелу үстінде. Себеп белгілі – пеш жағу, газбен, электр қуатымен жылытылатын құралдарды пайдалану кезіндегі қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Мұндай салғырттыққа жол беруге болмайды. Өртке қарсы ережелерді бұзған тұлғаларға тиісті шаралар қабылдануы қажет», – деді Құмар Ақсақалов.
Өрт оқиғаларының басым көпшілігі пештердің, мұржалардың, газ және электр қондырғыларының ақаулы күйде қолданылуынан шығып отыр. Әкімнің айтуынша, қауіп тобындағы үйлерді нақты есепке алып, оларды көмірқышқыл газы датчиктерімен жабдықтау қажет.
«Көп балалы отбасылар, қарттар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұратын үйлер ерекше бақылауда болуға тиіс. Әрбір пеш, әрбір мұржа тексеріліп, газ баллондарын пайдалану ережелері міндетті түрде түсіндірілсін. Адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ», – деді өңір басшысы.
Осы орайда еріктілер мен қоғам белсенділерін тарта отырып, түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жаппай қолға алу міндеттеліп отыр. Әкімдік қызметкерлері мен полиция департаменті өкілдерінен құралған мобильді топтар тұрғын үйлерді аралап, қолмен жылытылатын пештердің жағдайын тексеретін болады. Қауіп анықталған үйлерге қатысты жауапты мекемелер жедел шара қабылдауы тиіс. Жиында ТЖД бастығының міндеттерін уақытша атқарушысы Назарали Селимов және облыстық ТКШ басқармасының басшысы Арман Жүнісов жылу беру маусымы басталғаннан бергі ахуалды егжей-тегжейлі баяндап берді.
Сыннан сабақ алынып, жабдықталым деңгейінің артып келе жатқанын да айту керек. Мәселен, биыл өртке қарсы қызметті қажетті техникамен қамтамасыз етуге 2,2 млрд теңге бөлінген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. Осы қаржыға 23 өрт сөндіру және авариялық-құтқару көлігі, 650-ден астам арнайы құрал-жабдық сатып алынған. Нәтижесінде өңірдегі өртке қарсы қызметтің жабдықталу деңгейі 89% өскен. Облыстағы 69 мың адам тұратын 144 елді мекендегі елу өрт сөндіру бекеті үнемі тас-түйін дайындықта. Сонымен қатар 530 ерікті өртке қарсы құрылымдарда 5 мыңнан астам адам қызмет етеді.
«Біздің мақсат – қандай да бір өрттің алдын алу немесе қатер төнген жағдайда оны барынша жылдам оқшаулау. Бірақ тағы да ескертіп айтамын: қауіпсіздіктің бірінші жауапкершілігі – адамның өзінде. Әсіресе балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Сондықтан жылу беру маусымы кезіндегі кез келген ақау, ереже бұзушылыққа куә болған әр тұрғынды тиісті орындарға жедел жүгінуге шақырамын», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне қосымша тапсырмалар берді. Атап айтқанда, қазандықтардың техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, газбен жұмыс істеу қауіпсіздігі тұрғысында түсіндіру жұмыстарын күшейту және тұрғын алаптарын аралау және пештердің жағдайын тұрақты тексеру жүктелді. Ал Төтенше жағдайлар департаменті мен Энергетика басқармасы жылу маусымының қауіпсіз өтуін қатаң бақылауда ұстауға жауапты. Сондай-ақ Қоғамдық даму басқармасы БАҚ-та және әлеуметтік желілерде профилактикалық материалдарды жиі-жиі жариялап тұру мәселелерін пысықтауға тиіс.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
