Өңірде жыл басынан бері 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Өңірде жыл басынан бері 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

2025 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша, облыстағы тұрғын үй құрылысы саласының нәтижелері оң динамикаға ие. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға өсіп, 168 млрд теңгеге тең болды.

Өңірде құрылыс қарқынды дамып келеді: жаңа ғимараттар мен нысандар бой көтеріп, халықты баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асырылуда.

2025 жылы Қостанай облысында тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі өткен жылғы деңгейде сақталып, 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Жыл басынан бері 330 мың шаршы метрге жуық баспана салынып, пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға жоғары.

Тұрғын үй құрылысы жобаларының негізгі бөлігі Қостанай қаласының үлесіне тиесілі. Ол облыста пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемінің 68,8%-на тең.

Қостанай ауданындағы Астана және Бәйтерек шағын аудандарында құрылыс жұмыстары қарқынмен жалғасып жатыр. Мұнда инфрақұрылым тартылып, 150-ден астам үй салу жоспарланған.

Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 8,7 млрд теңге бөлініп, Қонай, Береке, Астана және Бәйтерек шағын аудандарында құрылыс екпінді жүріп жатыр.