Өңірде құрылыс қарқыны неге баяу?

Өңірде құрылыс қарқыны неге баяу?

Облыстың қаңтар айындағы экономикалық көрсеткіші оңды. Яғни, барлық салада өсім бар. Мәселен, құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9%-ға  артқан. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі, негізгі капиталға салынған инвестиция, бөлшек сауда, көлік қызметі, көтерме сауда, тұрғын үйді пайдалануға беру  көрсеткіші көз қуантады.

Бұл туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Гүлбарам Мұсағазина баяндады.

Жылдың алғашқы айында өңірдегі  өнеркәсіп кәсіпорындары  209,1 млрд теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде тау-кен өндіру секторында 58,3 млрд теңге, өңдеу секторында 142,0 млрд теңгенің  өнімі  шығарылды. Жалпы, тау-кен өндіру секторында өндіріс көлемінің өсуі байқалады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсіміне  негізінен машина жасау өндірісін, металлургия және сусын өндірісін ұлғайту себеп болып отыр.

Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша,  Жеңіл өнеркәсіп   өндірісі 35,7%-ға,  автокөлік, тракторлар 43,8%-ға, болат илемі 8,6%-ға, сары май 12,4%-ға, сусындар 11,3%-ға ұлғайған. Жекелеген аудандар мен қалалардың арасында Мендіқара, Сарыкөл аудандары мен  Қостанай, Рудный қалаларының көрсеткіші жоғары. Дегенмен, ей өңірде өнім өндіру көлемі айтарлықтай қысқарған.

Мәселен, Лисаков қаласындағы Дон Мар” кәсіпорынында  өндіріс көлемі едәуір төмендеген. Мұнда қағаз бұйымдары өндірісі де сын көтермейді. Әулиекөлде тепловоздарды жөндеу көлемі азайды. Жітіқарада ұн өндірісі төмендеген. Ұзынкөлде де нан мен  ұн өндірісі алға баспай тұр.  Ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығарылымы артқанмен, Ұзынкөл, Жітіқара, Б.Майлин, Қарабалық, Әулиекөл, Жанкелдин, Қарасу, Қостанай тәрізді жекелеген аудандарда ет, сүт, жұмыртқа өндірісі көп-көрім төмендеп кетті.

          “Облыс экономикасына 36,5 млрд теңге жеке инвестициялар тартылды. Өсім 9,9%-ға тең.  Келешекте жалпы құны 2,6 трлн теңге бағаланған   58 жобаны  жүзеге асыруды жоспарланған. 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашылады. Қостанай, Арқалық  қалалары мен Жанкелдин, Қостанай, Аманкелді аудандарында өңір экономикасына  тартылған жеке инвестициялардың үлес салмағы  артты. Ал Қарасу ауданында “ҚТЖ” ҰК ” АҚ инвестициялары қысқарған. Сарыкөл  және  Ұзынкөл аудандарында шығынының азаюына байланысты  ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына техника мен жабдықтар сатып алу көрсеткіші кем.   Қарабалық ауданында   “Терра”ЖШС инвестиция көлемінің төмендеуі кері әсерін тигізді. Есепті кезеңде Науырзым ауданының негізгі капиталына инвестициялар тартылған жоқ”, – деді басқарма бастығы Г.Мұсағазина.

Өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9% – ға өсіп, 3,3 млрд. теңгеге артқанмен, Алтынсарин, Аманкелді, Жанкелдин, Қамысты, Қарабалық, Меңдіқара, Наурызым, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарында бірде-бір құрылыс жұмыстары қолға алынбаған.

Қаңтар айында 78,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 1,6% – ға артық. Тұрғын үйдің 20,0% – і халықтың қаражаты есебінен іске қосылды. Лисаков қаласы мен Аманкелді ауданында  бірнеше тұрғын үй ел игілігіне айналған. Керісінше, Жітіқара ауданы мен  Арқалықта құрылыс қарқыны баяу.  Алтынсарин, Жанкелдин, Қамысты, Науырзым, Ұзынкөл, Федоров аудандарында бірде-бір үй салынған жоқ.

        “Мемлекет басшысы экономиканы жыл сайын кемінде 6%-ке өсіруді тапсырды. Ол үшін  ай сайын кем дегенде  50 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Яғни,  жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға және пысықтауға баса назар аударудың уақыты жетті.  Барлық жоба мемлекеттік қолдау шаралары есебінен қаржыландырылады. Әкімдерге тек жергілікті кәсіпкерлермен тиісті жұмыс істеп, жоспарланған жобалардың сапалы әрі уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуі керек. Бұл жұмыстың бәрі бақылауға алынады. Жыл соңында олардың қалай атқарылғандығын көреміз”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы Биыл облыста 500 мың шаршы метрдей  тұрғын үй пайдалануға берілетіндігін айтты.  Бұл шамамен бес  мың пәтер деген сөз.  Соңғы жылдары  облыс көлемінде тұрғын салу жақсы үрдіске айналған. 75%-дан астам тұрғын үй жеке инвесторлардың қаржысына бой көтерген. Олардың басым бөлігі облыс орталығында салынды. Қалған аудандар мен қалалар да құрылыс қарқынын арттыруы тиіс. Өткен жылы әкімдіктер  мен кәсіпкерлер қол қойған меморандумның шеңберінде   ауылдық жерлерде бірқатар үй тұрғызылды, жөнделді.  Алайда, кей өңірде әлі бейқамдық байқалады. Биыл бұл жұмыс одан әрі жалғасады.

Құмар Ақсақалов кеңесте көктемгі дала жұмыстарының әзірлігін де тілге тиек етті. Яғни, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қолдағы техниканы жөндеп,жасқап, тұқым қорымен толық қамтамасыз етілуі қажет. Сондықтан, Арқалық қаласы мен аудан әкімдері тұқым мәселесін  назарда ұстау керек. Жалпы, өңірдің экономикалық-әлеуметтік  даму көрсеткіші жоғары. Жоспарлы көрсеткіштерді  орындау үшін алда  уақыт бар. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша аудан, қала әкімдерінің жұмысы бағаланбақ.

Әлібек ЫБЫРАЙ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу