Соңғы алты айдың қорытындысында Қостанай қаласының қазынасына 40,6 млрд теңге кіріс кірген. Соның елу пайызы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Шаһар басшысы Марат Жүндібаев шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін жоғары бағалап отыр.
Шағын және орта бизнестің ілгері дамуы экономикаға айтарлықтай демеу. Әсіресе, жеке кәсіпкерлердің көбейгені жұмыссыздық мәселесін шешуге ықпал етеді. Қостанай қаласында биыл жеке кәсіпкерлердің саны бұрынғыдан әлдеқайда көбейген. Кәсіп ашып, бизнес бастауға ниеттілердің артқаны қуантарлық жағдай. Алайда, олардың бәрі заңнама талаптарын орындап жүр ме?
– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында кірістер көрсеткіші 8,3 млрд теңгеге артығымен орындалды. Мұның өзі шағын және орта бизнестің қомақты үлесін айқындайды. Олар салық арқылы бюджетті толықтыруда. Қалада кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргендердің қатары көбейгеніне қуаныштымыз. Алайда, бәрі заңнама аясында іске асуы керек. Біз кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп, рұқсатсыз орнатылған дүңгіршектердің мәселесін шешуге, заң талаптарына сай икемдеуге тырысып жатырмыз. Сауда дүңгіршектерінде заңнама және қауіпсіздік ережелері қатаң сақталуы тиіс. Тұрғындарға, жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуі керек, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.