Қостанай облысында діни ахуал тұрақты және жіті бақылауда. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Сапарғали Әбдиев өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Басқарма өкілінің айтуынша, өңірдегі дін саласындағы мемлекеттік саясат «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуда.
«Бүгінгі таңда облыс аумағында 10 конфессияны біріктіретін 103 діни бірлестік қызмет атқарады. Оның ішінде 26-сы ислам, 33-і православие, 4-і католицизм, 39-ы протестантизм және 1-і кришнаизм бағытына жатады. Барлық діни бірлестіктер әділет органдарында тіркеліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сай қызмет етіп отыр. Облыста жалпы 94 діни нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында 26 мешіт, 36 православ шіркеуі, 4 католик шіркеуі және 28 ғибадат үйі бар», – деді Сапарғали Әбдиев.
Баяндамашының мәліметінше, діни бірлестіктермен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді, жұма намаздары мен жексенбілік ғибадаттар жүйелі түрде бақыланады.
«Діни ұйымдар тарапынан заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Бүгінде облыс аумағында уағыз қызметін 16 миссионер жүзеге асырады. Олардың 1-і католиктік, 15-і протестанттық бағыт өкілдері, Польша және Ресей азаматтары. Миссионерлер тарапынан заң талаптарын бұзу фактілері болған жоқ», – деді С.Әбдиев.
Спикердің айтуынша, өңірде конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту мақсатында діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде диалог алаңдары өткізіледі. Бұл кездесулерде рухани келісім, бейбітшілік пен өзара түсіністік мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, 18 қазан Рухани келісім күніне орай арнайы іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Басқарма негізінен ақпараттық-түсіндіру жұмысы, интернет кеңістігінде діни экстремизмге қарсы насихат жүргізу және деструктивті ағымдар ықпалындағы азаматтарды оңалту қызметін жүзеге асырады.
Қазіргі таңда 179 мүшеден тұратын 21 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 75 мыңнан астам адамды қамтыған 2224 түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылған.
«Тәуекел топтармен, соның ішінде жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, маргиналды топтар, сотталғандар және олардың туыстарымен жұмыс ерекше назарда. Жылдық жоспар 1850 іс-шара болса, бүгінде 1840-ы жүзеге асырылды. Жастармен жүргізілетін жұмыстар да жаңа форматта өтуде. Викториналар, пікірсайыстар және интерактивті ойындар арқылы жалған діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру жұмысы жолға қойылған. Студенттік жастар арасындағы «Ұшқыр топ» жобасы – тиімді құралдардың бірі. Ол «тең-теңімен» қағидасы бойынша ақпарат жеткізуге бағытталған», – деді С.Әбдиев.
Биыл бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде діни тақырыптар бойынша 500-ден астам материал жарияланған. Сонымен қатар, облыстық және аудандық деңгейдегі АТТ мүшелері мен теологтар үшін 5 оқыту семинары өткізілді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында екі жоба жүзеге асырылуда. Олар «Социум & Я» қоғамдық бірлестігі арқылы діни саясат пен конфессияаралық келісімді насихаттау іс-шаралары және «Қостанай облысының психологтар қауымдастығы» қоғамдық қоры арқылы деструктивті ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығының жұмысы.
Бұл жобалар аясында мәдени және спорттық шаралар – қазақ күресі, арқан тарту, садақ ату, қол күрес және шағын футбол жарыстары өткізіледі.
Қорытындылай келе, Сапарғали Әбдиев Қостанай облысындағы діни жағдайдың тұрақтылығын ерекше атап өтті:
«Өңірде мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастар үйлесімді дамып келеді. Барлық жұмыстар қоғамдағы бейбітшілік пен рухани келісімді нығайтуға бағытталған», – деді ол.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
