Өңір басшысы Лисаков қаласына іссапармен барды

Өңір басшысы Лисаков қаласына іссапармен барды

Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Лисаков қаласына жұмыс сапарымен барды.

Өңір басшысы алдымен «Мирас» ЖШС-не тиесілі медицина мамандарына салынып жатқан 12 пәтерлі үйге бас сұқты. Лисаков қалалық ауруханасында 70 дәрігер мен 200-ге жуық арнаулы орта білімді мамандар жұмыс істейді.

«Соңғы үш жылда аурухана қажетті дәрігерлермен толықты. 2021 жылы 16 дәрігер жұмысқа орналасса, 2022 жылы 12 дәрігер келді. Жыл басынан бері ауруханаға тағы 6 дәрігер жайғасты. Бұның барлығына облыс әкімдігінің қолдауы сеп болды. Келген мамандарға жалдамалы пәтер мен қаражат беріледі. Аурухана балансында 24 пәтер бар. Оның 9 жалдамалы пәтерін қалалық әкімдік береді. Бұдан бөлек, маусым айында 12 пәтерде қоныс тойы тойланбақ. Қазіргі таңда ауруханада арнаулы орта білімді медицина мамандары жетіспейді. Таяуда Қостанай жоғары медициналық колледжінде жұмыс жәрмеңкесінде Лисаков қаласына келіп жұмыс істеуге ниет білдірген акушер, фельдшер және ота медбикелеріне жұмыспен қатар, жалдамалы пәтерді қоса ұсынатын боламын», – деді Лисаков қаласы ауруханасының бас дәрігері Қарлығаш Әленова.

Аталған емдеу мекемесінде жұмыс істейтін жас мамандардың бірі – Нұрдәулет Әбдумұталов.

«2020 жылы Қарағанды қаласындағы медициналық университетті тәмамдап, қалалық ауруханаға жұмысқа орналастым. Аурухана қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Соқырішек, өт тасының қабынуы сынды оталар бұрынғыдай кесіп емес, лапароскопиялық әдіспен жасалады. Бұның бір пайдасы науқастар тез айығады. Қалаға келген жастарға ең бірінші баспана мәселесі тұрады. Біз сияқты жас мамандарға қолдау білдіріп, осы мәселені шешіп берген әкімдіктерге ризашылығым шексіз. Жақында үш бөлмелі пәтерге орналасамын. Үй ауруханаға жақын орналасқан. Іші кең, жарық. Айлығым да көңілден шығады», – дейді дәрігер-хирург Нұрдәулет Әбдумұталов.

Бұдан соң өңір басшысы облыстағы ең танымал кәсіпорындардың бірі «Арай» өндіріс зауытына барды. Өндіріс орны қайта іске қосылып отыр. «Asia Alco» ЖШС инвесторы кәсіпорынды қайта қалпына келтіріп, 60-тан астам адамды жұмыспен қамтыды.

«Этил спиртін өндіреміз. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 14 мың литр. Бізде орташа жалақы 188 мың теңге. Жыл аяғына дейін жұмысшылар санын 100-ге жеткізу жоспары тұр», – деді «Asia Alco» ЖШС директоры Дмитрий Әбубәкіров.

Облыс әкімі бұндай нвестициялық жобалар өңірдің экономикалық дамуы үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Жергілікті атқарушы орган бизнестің дамуына барынша қолдау көрсететін болады. Сондай-ақ, Арқалық қаласы, Қамысты, Науырзым, Жанкелдин аудандарында да осы тектес жұмыс қолға алынды. Мұндай әдіс басқа аймақтарға да таралуы керек, себебі жаңа нысандарды салғаннан дайын ғимаратты бейімдеу үнемді әрі жылдам», – деді Қ.Ақсақалов.

Жалпы, Лисаков қаласын сумен жабдықтауға 1,3 млрд теңге бөлініп отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп, ал жылумен жабдықтауға 1,2 млрд теңге көзделген, бұл былтырғыдан 28,5%-ға артық.

Одан кейін Құмар Іргебайұлы “ЭксклюзивСтрой” ЖШС-не де ат басын бұрды. Бұл өндіріс орны металл конструкцияларын өндірумен айналысады. Кәсіпорын директоры Аман Алексей қолға алынған жобаларды таныстырды.

«Өндіріс қуаты жылына 1 200 тонна, өткізу нарығы – Қазақстан мен Ресей. Түрлі кешендерді салуда тәжірибеміз жоғары. Біз тау-кен техникасына арналған жабдықтар мен «Бала, қала» атты балалар ойын және спорт жабдықтарын жасап шығардық. Қазіргі уақытта қызметкерлер саны 95 адам, орташа жалақы – 280 мың теңге», – деді «ЭксклюзивСтрой» ЖШС директоры Аман Алексей.

Лисаковтықтар аймақ басшысына қаладағы жарықтандыру, ескі көпқабаты үйлердегі жеделсатылардың жиі істен шығуы, тұрғын үй кезегіне қатысты сауалдарын жолдады. Облыс әкімі айтылған барлық мәселелердің назарға алынатынын жеткізді.

Әсел ҚИБАШ.

Суреттерді түсірген Б. КӨРКЕМБАЕВ.

 

Жаңалықтармен бөлісу