Марат Жүндібаев: “Жер заңнамасын бұзғандар жазалансын”

Марат Жүндібаев: “Жер заңнамасын бұзғандар жазалансын”

Бәріміз мемлекеттен жер телімдерін алуды қалаймыз. Ал, оны игеруге келгенде салғырттық танытушылар көп. Болашақта берілген жерді уақытында пайдаланбаса, қалалық әкімдік тиісті шара қолданбақ. Бұл жайында қала әкімі Марат Жүндібаевтың қатысуымен өткен аппарат жиналысында айтылды.

Биылдыққа жер телімін пайдалануға ниет білдірген 1 202 адам Қостанай қалалық жер қатынастары бөліміне өтініш білдірген. Нәтижесінде, азаматтарға 508 жер учаскесі берілді. Оның ішінде 341  учаске – бау-бақша және тұрғын үй аумағын күтіп-ұстауға, 134 учаске – сауда алаңы мен гараждар үшін, 33 учаске – жаңа нысандар салу үшін бөлінген. Өткен жылы 653 жер телімі беріліпті.

– Жер телімдерін берудің ең қауіпсіз және заңды тетігі – www.gosreestr.kz. порталында аукцион арқылы іске асыру дер едім. Биыл дәл осы тетік бойынша жалпы көлемі 5,3 гектер болатын алты жер телімі 92,8 млн теңгеге сатылды. Бұдан бөлек инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлерге жер телімдері берілуде. Жер заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында тұрақты түрде бақылау іс-шараларын өткізудеміз. Әсіресе, сауда дүңгіршектерін рұқсатсыз орнату деректері азаймай отыр. Кейбір кәсіпкерлер түсіндіру жұмыстарынан соң қателіктерді өздері түзетіп, заңсыз орнатқан дүңгіршектерді сүріп тастайды, – деді жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаев.

Мәселен, орталық базар маңындағы “Дәстүр” сауда үйінің жанында жер телімінің иесі тротуарға дүңгіршек орнатқан. Осы оқиғаға сай, аталған азаматқа жер телімін жалға беру мерзімін ұзартуға рұқсат етілмеді. Дәл осындай жағдай Әл-Фараби көшесі 72А мекенжайындағы «Turkish kebab house» және Қасымханов 43А мекенжайындағы «Eva Bakery» кафелерінің аумағынан анықталған. Екі шатхана да рұқсатсыз орнатқан павильондарды қайтадан жинап жатыр. Сондай-ақ, Абай даңғылы, Мәуленов, Чкалов көшелері, “Солнечный” сауда орталығы, “Астықжан” СО, “Раузет” сауда үйі маңында заңсыз орналасқан сауда дүңгіршектері сүрілді.

– Көлік тұрақтарының орнына көкөніс сатуға арналған шатырлар құрып алатын кәсіпкерлер де бар. Бұл дегеніміз жер заңнамасын белден басу және қаланың эстетикалық келбетін бұзумен тең. Өрт қауіпсіздігі ережесіне де қарама қайшы. Мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз пайдаланса және жер телімдерін уақытында қайтармаса 75-тен 700 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынатынын ескерткім келеді, – деді Марат Темірбаев.

Жуырда Қайырбеков көшесінде орналасқан “Солнечный” сауда орталығының маңындағы екі сауда дүңгіршегінің иесіне жерді рұқсатсыз пайдаланғаны үшін 345 мың теңге сомасында айыппұл салыныпты.

– Біз бұл жағдаймен әлі күнге күресіп келеміз. Мемлекет меншігіндегі жерді мақсатсыз пайдалануға болмайтыны туралы қаншама мәрте айтылса да, нәтижесі көңіл құлазытады. Жер заңнамасын бұзғандар жазалануы тиіс. Құрылыс салу үшін жер телімін алып, оны ұзақ уақыт пайдаланбайтындар да бар. Оның арты сағызша созылған құрылыс нысандарының көбеюіне алып келеді. Жер телімін алдың ба, уақытында игеру керек, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Қымбат ДОСЖАНОВА.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу