Адам жанының бір бөлшегі, қуанышы мен жұбанышы – бала. Өміріңнің маңызды, мәнді сәттерін көбірек еске салатын кездер тұлымшағы желбіреп жүрген құлыншағыңның үлкен өмір бәйгесіне қатысуы кім-кімді де толғандырмай қоймайтыны рас…
Сондай талантты, талапты жас өреннің бірі – менің келін боп түскен әулетімдегі қайын сіңлім Айша Жанболатқызы. Босаға аттап, келін болғалы көз алдымда өскен қаршадай өнерлі қыздың әр жетістігі көз алдымда. Ата-әжесінің мауқын басқан алғашқы немересі, ата-анасының тұла бойы тұнғышы Айшаның орны ерекше біздер үшін. Туабітті өнерге бір табан жақын өскен жас баланың талабына таңдай қағып, әулетіміздің мақтанышы санаймыз, марқаямыз. Көңілге қуаныш ұялататыны – артынан ерген бауырлары тек Айшаға еліктеп, сахнаға шығып, оның бар қабілетін айнытпай қайталайтыны.Айша – республикалық өнерпаздардың сайысында шашасына шаң жұқтырмай оза шауып, бойындағы талантын мойындатып жүрген өрен. Айшаның ән орындаудағы өзіндік қолтаңбасы, тембрі, әнді жүрекпен орындайтын сеізімталдығына риза боламыз. Жетіген аспабын 5-6 айда шертіп үйреніп, қоңыр үнмен сызылта ән салғанда бой-жүйені босатып, елітіп әкететін өнер иесі. Барлық жетістігін тізіп жатпай-ақ, Түркістанда өткен жетігеншілер байқауында жеңімпаз атанып келгенін айсақ та жетіп жатыр. Таяуда ғана облыстық жас өнерпаздар фестивалінде топ ішінен қара үзіп, жетігенмен Динаның «Науысқысын» шебер орындап шығып, тағы да 1-орын алды.
https://youtube.com/shorts/P4_XLwbKX9Y?feature=share
Оқуда озат, өнерде үздік қайын сіңлім нағыз бесаспап болып өсіп келеді. Жетігеннен бөлек, домбыра тартады, қобыз үйреніп жүр, би ұжымында өнер көрсетеді. Айшаның тағы бір қасиеті – өлеңді мәнеріне жеткізіп оқи алатын актерлік шеберлігі.
Айшаға бұл өнер қайдан қонды десеңіз, қандағы бар тектілік, талай жақсының табаны тиген киелі жер Торғайдың топырағының құнарынан да шығар.
Атасы мектеп қабырғасында 30-дан астам жыл өтілі бар тәжірбиелі педагог, марқұм әжесінің де әншілігі бар еді. Ал әкесі Жанболат сахнаның төрін бермейтін таллантты әнші, қазақ күресінің шебері. Анасы Гүлмира он саусағынан өнер тамған шебер тігінші. Айшаның барлық киім үлгісін тігетін үйдегі жанашыры, тілекшісі анасы. Көкесі елге танымал ақын, журналист. Осының бәрін тізбектеп отырған себебім, отбасындағы тәлім-тәрбиеден, сол тамырдан нәр алатын бала осал болмайды. Ұрпақ тәрбиесіндегі ең тиімді жол – өнерге баулу. Өнері өрлеп, шығармашылықтың шыңында жүрген ұрпақ адамгершіліктің қағидаларын еш ұмытпасы анық. Өзегі мықты бәйтеректен жайқалған жапырақтың өсіп-өніп шығатыны көпке аян. Айдай жарқырап жүрген Айша қызымыздың өнердегі жол кең даңғыл болсын деп тілейміз!
Анаргүл Шалғынбайқызы,
Айшаның жеңгесі