26 июня, 2025
Өнер – жүректің тілі

Өнер – жүректің тілі

Қостанай қаласында суретші Әлия Әбілованың «Жүрекпен салынған суреттер» атты алғашқы дербес көрмесі ашылды. Жиынға көркемөнерге жақын жандар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Әлия – 36 жаста. Соңғы 12 жыл бойы ол сурет салумен айналысып келеді. Өзінің айтуынша, бұл шығармашылық жол белгілі бір дайындық немесе арнайы білімнен емес, жан жүрегінен туындаған ішкі үн мен шабыттан бастау алады.

– Менде нақты жоспар немесе ізденіс болған жоқ. Жаным қалай ән салса – мен солай сурет саламын. Өнер – менің өмірім. Бұл менің ішкі дүнием, қоршаған әлемге деген көзқарасым, – дейді автор.

Көрмеге суретшінің 35-ке жуық туындысы қойылған. Табиғат көріністері, көңіл-күй мен сезімді бейнелейтін абстрактілі картиналар көрерменнің назарын аудармай қоймайды. Көрменің басты ерекшелігі – шығармалардың шынайылығы мен бояулар үйлесімінде.

Суретшінің айтуынша, ол болашақта өз жұмыстарын халықаралық көрмелерге шығаруды армандайды. Қазірдің өзінде ағылшын тілін меңгеріп, жаһандық өнер нарығына шығуға алғашқы қадамдарын жасауда.

Іс-шара барысында Әлияның ата-анасына да алғыс айтылды. Олар қызының шығармашылық жолында үлкен қолдау көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Бұл – отбасылық сенім мен махаббаттың бір көрінісі.

– Осындай керемет талант иесі біздің ортамызға қосылғанына өте қуаныштымыз. Ата-анасына мың алғыс. Әлияның арманы – халқымыз үшін де үлкен мақтаныш», – деді Облыстық тарихи өлкетану музейінңің директоры Гүлжан Мендекенова.

Көрмеге Қашар кентінен арнайы келген суретші Ольга өз әсерімен бөлісті:

– Мен Әлияны TikTok арқылы таныдым. Оның жұмыстары бірден баурап алды. Кейін байланысып, кеңестерін ала бастадым. Бүгін ұлым Алексеймен бірге көрмеге арнайы келдік. Бұл – нағыз шабыт сыйлайтын шара, – деді ол.

Картиналардың шынайылығы мен бояулар үйлесімі көрермендерді ерекше әсерге бөлейді. Табиғаттың әр күйі – күздің шуақты шағы, көктемнің нәзік лебі – бәрі де жүрекпен салынғандай әсер қалдырады.

Көрме 22 маусымға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде кез келген қала тұрғыны мен қонағы жас суретшінің шығармашылық әлемімен танысып, бояулар сөйлеткен сырлы сезімдерді сезіне алады.

Сабина КЕҢЕСБАЕВА
Суртерттерді түсірген – Георгий Шаповалов
ҚӨУ студенті