Өндіріске өріс кең

Өндіріске өріс кең

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді орындау кезек күттірмейді. Маңызды құжатта көрсетілген басым бағыттар астықты өңірдің төрінде талқыға түсті.

Алқалы кеңесте облыс әкімі Құмар Ақсақалов мемлекет басшысының тапсырмасын көп созбай іске асырудың жоспарларын бекітті. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, экономикалық өсімді артыру қажет. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, жұмыспен қамту мен инвестиция тарту күн тәртібінен түспейді. Қ.Тоқаев 2029 жылға қарай бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ке жеткізу керек деді. Ол үшін кәсіпті қолдау жеткіліксіз. Мемлекет басшысы ең алдымен елдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейту үшін жүйелі күш-жігер жұмсау міндетін қойды.

Бүгінде біздің облыс елеулі экономикалық және өнеркәсіптік ресурстарға ие, серпінді дамып келе жатқан өңірдің бірі. Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің айтуынша, облыс өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша республикада 6-шы орында тұр. Өңірде 909 өнеркәсіп ошағы жұмыс істейді. Оларда 42 мыңға жуық адам еңбек етеді.

– Облыс өнеркәсібі құрылымының 68,7% өңдеу саласына, 27,8% тау-кен өндіру секторына тиесілі. Біз машина жасау және металлургия өндірісіне басымдық беріп отырмыз. Мемлекет басшысы осы салаларды өнеркәсіпті дамытудың басты көзірі ретінде белгіледі. Сондай-ақ, осындай өндірістерді ұйымдастыру кезінде отандық шикізатты барынша пайдалана отырып, жоғары бөліністерді игеру басымдығын атап өтті. Бұл бағытта өнеркәсіптік холдингтер ел ішінде шикізатты өңдеуге және металдарды терең өңдеуге бағытталған үш ірі жобаны іске асырып жатыр: Мәселен, ыстық брикеттелген темір өндіру зауытын салу; болат балқыту зауытының құрылысы, Лисаковтағы “Өркен” ЖШС қарасты тау-кен байыту комбинатын жаңғырту жобалары облыс экономикасына серпін берері даусыз. Көлік құрастыру саласында өткен жылы негізгі жобалардың бірін іске асыру басталды. Бұл толық циклді Kia автомобильдерін шығаратын зауыт құрылысы. Онда 1-ші кезеңде үшінші модельді Sportage, Cerato, Sorento көліктерін шағын тораптық әдіспен өндіру жүзеге асырылмақ. Жалпы, өңірде Kia автоконцерні сияқты ірі негізгі ойыншының пайда болуы өндірісті дамытуға оң әсер етеді. Мәселен, биыл автокомпоненттер өндіретін локализациялық орталықтың құрылысы басталды. Бұл нысанның ерекшелігі сол, онда шағын және орта бизнес субъектілері орналастырылады. Олардың шығаратын өнімі ең алдымен отандық автоөндірушілердің конвейерлеріне, оның ішінде Kia зауытына жеткізіледі. Сонымен қатар, қазір облыс аумағында өнеркәсіп секторының қарқынды дамуын ескере отырып, заманауи көлік-логистикалық кешен салу мәселесі пысықталып жатыр. Жобаның құны 37 млрд.теңге. Өндіріс ошағында жылына 400 мың контейнер, 500 жұмыс орны ашылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жолдауда отандық кәсіпкерлікті қолдау қажеттілігі маңызды рөл атқарады. Іскерлік белсенділікті арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға және Бизнестің жауапты мінез-құлқын ынталандыруға, оның ішінде шағын кәсіпкерліктің орта бизнеске көшуіне ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда облыста 164 орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8% – ке көп. Биылғы жылдың 1алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша ЖӨӨ-дегі орта кәсіпкерліктің үлесі 8%–ке артты. Оны 2029 жылға дейін 18,8% – ке дейін ұлғайту қажет. Бұған әзірленіп жатқан қолдау шаралары ықпал етуі тиіс. Жалпы, Мемлекет басшысының бастамалары өңір экономикасының нақты секторын дамытуға елеулі үлес қосады.

– Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі – инвестициялық климатты жақсарту, бизнес жүргізуге жағдай жасау. Бұл бағытта біз оң нәтижеге жетіп отырмыз. Облыс елдегі инвестицияға қолайлы өңірлердің біріне айналды. Өңірде 1200-ге жуық шетелдік кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы екі жылда біз өңірімізге 1 миллиард долларға жуық шетелдік инвестиция тарттық. Алдағы жылдары 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайды жасап, өндіріс қуатын дамытып, кәсіпорындарды қажетті техникалық жабдықтармен, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бұның бәрі сөзсіз өз жемісін береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша облыс республикада 6-шы орынды иеленді. Алдағы үш жылда үздік үштікке ену жоспарымыз бар. Ол үшін біз машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сияқты біз үшін маңызды салаларды одан әрі дамытатын боламыз, –деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу