Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада философия ғылымдарының кандидаты, этнограф, қоғам қайраткері Қалқаман Жақыптың 80 жылдық мерейтойына арналған «Өмірін ұлт мүддесіне арнаған азамат» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Тағылымға толы шараға Қостанай облыстық ардагерлер ұйымы жанынан құрылған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ, Қостанай облыстық «Қазпошта» акционерлік қоғамы филиалының қызметкерлері және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімі РММ-нің сарбаздары қатысты.

Кеш ерекше форматта басталды. Сахна төріне шыққан сарбаздар Қалқаман Хасенұлының әскери қызметтегі кезеңінен сыр шертетін әсерлі көрініс қойды. Одан кейін экраннан мерейтой иесінің өмір жолы мен еңбек белестерін қамтыған бейнеролик көрсетілді.

Кездесу барысында Қалқаман Хасенұлы балалық және жастық шағынан сыр шертіп, өмір жолындағы елеулі оқиғалар мен тағылымды естеліктерін көпшілікпен бөлісті. Елге қызмет етудің маңызы, ұлттық құндылықтарды сақтау және кейінгі буын тәрбиесі жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Кеш қонақтарының қатарында ақын, драматург, жазушы Ақылбек Шаяхмет те болды. Ол Қалқаман Жақыппен таныстығы, бірге атқарған қоғамдық жұмыстары және ел игілігі жолындағы ортақ еңбектері туралы тебірене әңгімеледі.

Шара барысында өнерлі жастар ән шырқап, күй орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл кештің мазмұнын байытып, мерекелік атмосфераны одан әрі әсерлі ете түсті.
Өз сөзінде Қалқаман Хасенұлы өміріндегі қызықты оқиғалармен қатар, ел мүддесі жолында кездескен қиындықтар мен сындарлы кезеңдерді де еске алып, олардан алған тағылымын жеткізді.
Кеш соңында кітапхана басшысы Сания Безаубекова мерейтой иесіне құттықтау лебізін білдіріп, гүл шоғын табыстап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар жиылған қауым өкілдері мен зиялы қауым мүшелері, ақ жаулықты аналар кезек-кезек сөз алып, мерейтой иесіне ақ тілектерін арнап, сый-сияпаттарын ұсынды.


Айта кету керек, «Royal Flowers Kostanay» гүлдер салоны және жеке кәсіпкер «Toibastar» дүкенінің иесі Жалғасова Ақтоты Тұрғанбайқызы демеушілік жасады.

Шара соңында Қалқаман Хасенұлы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, жүрекжарды алғысын жеткізді. Кездесу кешінің қорытындысын көпшілікке арнап орындаған әсем әнімен түйіндеп, мерейтойлық шара жоғары деңгейде аяқталды.
БОТА МАНЕТ
