Өмірі өнегемен өрнектелген қария

Өмірі өнегемен өрнектелген қария

Ол – еңбексүйгіш жан. Егде жасқа келсе де еш тыным білмей, үнемі қозғалыс үстінде, ізденіс барысында жүреді. Бойына сан өнерді сыйдырған қазыналы қарт. Бірнеше кітаптың авторы, қолөнер шебері, суретшілігі және бар. Әбдірахман ағамыздың өнеге етіп айтар қыры мен сыры көп.

Ауласына жаңадан үй салып жатқан зейнеткер құрылыстан да қаражаяу емес. Іздей барғанымызда еңселі ғимараттың екінші қабатында сыртқы сылақпен әуре болып жүр екен. Төменнен дауыстап сәлем берген біздің қасымызға әп-сәтте жетіп келді. Еңбекпен шыныққан, шаруамен ширыққан, қиындыққа мойымайтын, елгезек, белсенді кісі екені көрініп тұр.

«Қазіргі заманда кім жақсы, жайлы үйде тұрғысы келмейді? Балаларыңның қалау-тілегіне қолдау көрсету ата-аналық парызың. Үй құрылысын екі жыл бұрын бастадық та кеттік. Кенже ұлым Бәйті екеуіміз бастан-аяқ өзіміз салып жатырмыз. Ешкімнің қажеті де жоқ. Құрылыс жұмыстарының ықпыл-жықпылын түгелдей меңгеріп алдық. Түбі зейнетін көретін істің бейнетінен неге қашуымыз керек?» – деп әңгімесін бастай жөнелді жетпістің бесеуіндегі қарт.

Ағамыз Әбдірахман Бекмағамбет бізді жапсарлас тұрған үйіне ертіп апарды. Зейнеткермен жақынырақ танысуға кірістік. Ол Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылында 1948 жылы өмірге келіпті. Ленинград киноинженерлік институтының түлегі екен. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында бастап, кейін Қостанай облыстық киножүйесінде қызмет еткен. Облыс орталығындағы училищелерде оқытушы, басқа да оқу орындарында мұғалім, директор болып жұмыс істепті. Қалтқысыз қызметі үшін көптеген марапатпен ардақталған. Зейнет жасына дейін кәсіпкерлікпен шұғылданған көрінеді.

Өмірдерегінен соң кейіпкеріміз әңгіме желісін шығармашылық саласына бұрды. «Алтын құмыра», «Асыл мұра», «Қанаты қайырылмаған қыран», «Ұрпағым, саған аманат», «Алып тұлға», «Күзгі шұғыла» аталатын алты кітаптың авторы екен. Бірі өлең, әңгіме түріндегі жеке туындыларының жинағы болса, енді басқасы – деректі шығармалар. Ол бұл өнерге зейнетке шыққаннан кейін бой алдырып, қызығушылығы оянған. Содан бері қолынан қаламы түспей келеді.

            «Әуел баста өзекті жарып шыққан ой-толғамдарды, өлең-жырларды қағазға түсіріп жүрдім. Осы дағдыға құмарлығым барған сайын арта берді. Қолжазбаларымды өзімше жинай бердім. Кейін әдебиеттен, жазу-сызудан хабары бар замандастарыма, жора-жолдастарға көрсеттім. Бәрі жақсы бағалады. Сәлім Меңдібай ағамызға да апарып едім, ол кісі де тәнтілігін жасырмай, кітап қылып шығаруға кеңес берді. Содан алғашқы кітабым 2011 жылы жарық көрді. Жыл аралатып, басқа да жинақтарды бастыра бастадым», – дейді ол.

Қазірдің өзінде жаңадан жазып жатқан туындысы бар. Бұйырса, алдағы жылы оқырманға жол тартпақ. Өзінің айтуынша, бұл кісі кітап жазумен қыс мезгілінде, арлы-берлі шаруалардан қолы босағанда шұғылданады. Топтама өлеңдері облыстық әдеби альманахтарға да бірнеше рет енгізілген. Сонымен қатар, қылқаламынан туған суреттер де тәнті қылмай қоймайды. Әкесінің, қан майданнан оралмаған ағасының портретін аунытпай салыпты. Сосын, әсіресе жылқы суретін кейіптегенді жаны жақсы көреді. Онысын көптеген туған-туыс, дос-жаранына естелік сыйлық етіп тарту етеді. Қолөнерден де кенде емес. Ағаш, мүйіз, металдан жасаған көз тартар бұйымдары бар.

Ендігі бір ерекше қабілеті – он шақты жылдың көлемінде медитациямен айналысып жүр. Шығармашылыққа деген әуестіктің оянуына, денсаулықтың берік болуына, ішкі-сыртқы әлем тепе-теңдігінің сақталуына осы ілімнің орасан зор ықпалы бар деп есептейді ол. Медитация ұғымына тереңдей түсуіне шетелдік арнаулы кітаптардың әсері зор болған.

            «Медитация деген адамның түпкі санасына тереңдеу. Бүкіл адам санасының 5 пайызын ғана пайдаланады, ал қалғаны – түпкі сана. Медитацияны терең жасаған уақытта адам көптеген дүниелерді түсінеді. Өмірді, өзін сүюді үйренеді. Өйткені сүйіспеншілік өзіңнен басталуы керек. Егер біреу «мен сені жанымнан артық жақсы көремін» десе, ол өтірік айтқанының белгісі. Құдайды да аспаннан емес, жүрегіңнен іздеуің керек. Мұнымен терең айналысқан адам рухани рахатқа бөленеді, жүрегі гүлденеді, тіршіліктің әр сәтін бағалауға баулиды», – дейді ағамыз.

Ағамыз бір шаңырақ астында елу жыл отасып келе жатқан жұбайы Ұлдан Ғизатқызы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Қуаныш Физика-математика ғылымдарының докторы, Серік және Бәйті спортқа бейім болып өсті. Бүгінде қолдарындағы кенже ұлдары кәсіпкерлікпен айналысады. Ал қыздары Айгүл әншілік саласында көпшілікке танылған өнерпаз. Қазір қос қария – он шақты немеренің қызығын көріп отырған бақытты ата мен әже.

Тағы бір айта кетерлігі, Әбдірахман ағамыз «Қостанай таңы» газетінің ұзақ жылдан бергі оқырманы. Өзінің де осы атабасылымға жарияланған мақалалары жетерлік. «Жүрген жерімде сүйікті газетімізді айналамдағыларға насихаттай жүремін, жазылуға шақырамын» дейді зерделі, зиятты қария.

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу