Тарихшы қалай таксишіге айналды?

Тарихшы қалай таксишіге айналды?

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіп қылып, нәсіп табамын деген адамға қолдау бар. Қайтарымсыз және екі пайыздық несие алып, шаруашылық шеңберін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Бірақ, еліміздің болашағы саналатын жастар қазіргі таңда шаруашылықпен айналысуға ынталы емес. Тіпті, кейбір жас отбасылар мемлекеттен балаларға көмек ретінде берілетін әлеуметтік төлемдерге иек артып, жалқаулықтың жетегінде жүр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Жанкелдин ауданы бойынша биыл 11 адамға жалпы құны 60 000 000 теңгеге несие мақұлданған. Оның ішінде әлеуметтік көмек алушы 1 адам, жұмыссыз жүрген 8 адам және 2 кәсіпкер. Ауданымыз мал шаруашылығына қолайлы жер болғандықтан несие алушылардың көбі мал басын өсіруге ден қойып отыр. Қандай да бір жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін ешқандай дипломның қажеті жоқ. Тек, діттеген мақсатыңа жету үшін алға қарай талпына білсең болғаны. Ондай адамның саны шектеулі.

Ал, бүгінгі менің мақалама арқау болып отырған Тәуіш ауылының тұрғыны Қуат Нұржанов кәсіптің қаймағын шайқап, майын ішіп отыр. Ол осыдан сегіз жыл бұрын 1,5 млн теңгеге “Газель” автокөлігін сатып алды. Мақсаты  – ауыл тұрғындарына тұрақты қызмет көрсету. Яғни, Тәуіш-Торғай бағытына аптасына үш рет қатынайды. Ауылдық ағайындардың да алғысын алған азамат. Жолақысы да тиімді. Қарапайым жүргізуші болса да тиыннан теңге құрап, отбасын асырап отыр. Ешкімнен кем емес. Ел қатарлы күнелтіп, балаларына бақыт сыйлаған еңбекқор әке. Көп балалы жанұяның қамқоршысы мен тірегі.

– Менің негізгі мамандығым тарихшы. Бірақ өзім ағайынның алғысын, елдің батасын алу үшін осы жүргізушілік жолды таңдадым. Осы жолды таңдағаныма өкінбеймін. Керісінше, жолаушылардың ризашылығына бөленіп, ризық несібемді адал жолмен тауып жүрмін. Қысы-жазы аптасына үш рет аудан орталығына қатынаймын. Кейбір уақытта жалдамалы жүргізуші ретінде қалаларға да шығып тұрамын. Оның сыртында техникалық қызмет көрсету тұрағым бар. Жеңіл автокөліктердің дөңгелектерін жөндеп, майын ауыстырып беремін. Дәнекерлеу қызметін де жақсы меңгергенмін. Жуырда 1,3 млн теңге қайтарымсыз несие алдым. Оған қажетті құрылғылар сатып алып, техника жөндеуге ебі бар ауыл жастарын үйретіп жүрмін. Жұмыссыз жүрген жастарды еңбекпен қамтып, кәсібімді дамытсам деген жоспарым бар. Сондықтан 5 млн теңге несие алу үшін құжаттарымды рәсімдеп, бизнес жоспарымды ұсындым. Алла сәтін салып, жүйелі жоспарым жүзеге асатын болса, туған жерімнің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесімді қоссам, перзенттік борышымның бір бөлшегі орындалғаны деп білемін, – дейді Қуат Ахметқалиұлы.

Жастарға үлгі болатын Қуаттың еңбексүйгіштігі жалқаулықтың қамытын кигендерге жұғысты болсын.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу