Облыстық полиция департаментінің бастығы есеп берді

Облыстық полиция департаментінің бастығы есеп берді

Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы онлайн режимде халықпен есептік кездесу өткізді.

Онда өткен жылғы өңірдегі криминогендік жағдай туралы айтылды. Полиция генерал-майоры Ерлан Файзулин облыста кісі өлтіру, денсаулыққа аса ауыр зиян келтіру, тонау, мал және автокөлік құралдарын ұрлау, бұзақылық саны азайғанын хабардар етті. Өз баяндамасында ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа назар аударды.

“Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған құқық бұзушылықтар саны біршама азайды. Полицияға отбасылық жанжалдар туралы 5000-ға жуық хабарлама келіп түсті. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған “үй тирандарының” саны 29% – ға өсті. 7892 адамға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылды”, – деді ПД бастығы.

Онлайн-алаңда “Cyber Pol” бөлімшесінің жұмысы жайлы сөз қозғалды. Халыққа “киберқауіпсіздік” және “кибергигиена” туралы тағы да ескертілді.

“Көп жағдайда алаяқтар абоненттік нөмір қызметтерін пайдаланады. ІІМ бастамасы бойынша байланыс операторлары ауыстырылатын нөмірлерді бұғаттайтын болады. Облыс бойынша барлығы 197 дроп анықталды”, – деді Ерлан Файзуллин.

2023 жылы облыста полиция қызметкерлері 430 келіден астам есірткі, оның ішінде 117 грамм героин, 10 килограмнан астам “синтетика” тәркіледі. Сондай-ақ, зиянды мазмұны бар 328 сайт пен сілтемелер анықталып, “Кибербақылау” жүйесі арқылы бұғатталған. Синтетикалық заттарды таратқан 11 интернет-дүкен анықталған. Сондай-ақ, Ерлан Файзуллин жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін атап өтті.

“Автокөлік жүргізушілерінің кінәсінен 361 жағдай орын алып, 52 адам қаза тапты, 483 адам жараланды. 1673 жүргізуші куәлігінен айырылған адам тұтқындалды. Көлік құралын басқару құқығынан айырылған 103 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Автоматты жүйелер 67 мыңнан астам құқық бұзушылықты тіркеп отыр”, – деді спикер.

Мемлекет басшысы «Құқықтық тәртіп» және қылмысқа «мүлдем төзбеушілікті» қамтамасыз ету қағидаттарына назар аударып келеді.

“Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Сіздерді қоғамдық тәртіпті бұзбауға, соның ішінде вандализм мен бұзақылық әрекеттерге төзбеуге шақырамын. Егер куәгер болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз», – деп сөзін түйіндеді ПД бастығы.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу