Облыста жиын-терім жұмыстары басталады

Облыста жиын-терім жұмыстары басталады

Облыс дихандары жиын-терім жұмыстарына сақадай сай. Биыл өңірде 5,1 млн гектар егіс алқабы орылады.

Дәнді дақылдар 4,1 млн гектарға себілсе, оның 3,4 млн гектары бидай. Майлы дақылдардың үлесі 873,5 мың гектар. Дақылдардың өнімділігін арттыру үшін өткен жылдан бастап облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары агротехникалық іс-шаралар кешенін жүргізді.

Бұл жайлы облыстық әкімдікте өткен жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов айтып берді.

 

«Бу алқаптары өңделіп, күзгі топырақты өндеу жүргізілді. Ылғал жинау үшін 843 мың гектар алқапта қар тоқтатылды. Сапалы тұқым сіңіруге облыстың элиталық тұқым және тұқым шаруашылықтары 53,9 мың тонна жоғары сұрыпты тұқым дайындады. Сортты жаңарту бойынша Жол картасының көрсеткішіне 10 пайызға қол жеткізіп отырмыз. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚазАгроҚаржы арқылы «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы жұмыс істей бастады. Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 1,3 мың техника сатып алып, техниканы жаңарту бойынша Жол картасының көрсеткішіне 6% жетіп отыр», – деді басқарма басшысы.

Машина-трактор паркін жыл сайын қайта жарақтандыру облыстың шаруашылық жүргізуші субъектілеріне агротехнологиялық іс-шараларды уақтылы жүргізуге септігін тигізіеді.

Осы жылы егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде аяқталып, егістіктерді қорғау іс-шаралары уақытылы орындалды.

«Облыста егіс алқаптарының жағдайы әртүрлі. Қазіргі уақытта 1,5 млн гектар дәнді дақылдар әлі де масақтану және гүлдену фазасында тұр. Ал 2,3 млн гектар жердегі егін сүт және сүт-балауыз пісу сатысына жеткен. Ең ерте піскен егін көлемі 210,9 мың гектар алқапта. Осы аумақтардағы егінді алдағы он күн ішінде оруды бастау керек. Себебі, жауын-шашынның салдарынан өнім сапасын жолғалтуы ықтимал. Сонымен қатар, кеш пісетін егіс алқаптарында жауын-шашын екінші рет өсімдіктердің өсуіне, арамшөптердің қайта көбеюіне, аурулардың таралуын және жинау кезінде ылғалдылықтың артуына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан шаруашылықтар барлық кептіру агрегаттарын жұмысқа мұқият дайындап, егер олар болмаса, кептіру қызметіне келісімшарт жасасуы қажет», – деді Ибрагим Бекмұхамедов.

Өткен аптада облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен дала жұмыстары жөніндегі облыстық штабтың отырысы өткен еді. Жиында егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Егін жинау науқанына жалпы 19,2 мың трактор, 7,9 мың астық жинайтын комбайн және 8,2 мың жүк көлігі жұмылдырылады. Бүгінде барлық техника жұмысқа шығуға сақадай сай.

«Егін жинау және күзгі дала жұмыстарына облысқа 83 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін оның сату бағасы бір литрі үшін 254 теңгеден аспайды. Зауыттардан отын жеткізу үшін 20 оператор анықталды. Бүгінгі таңда облысқа 9,1 мың тонна отын жеткізілді. Отын жеткізу жұмыстары жалғасуда», – дейді басқарма басшысы.

Егіннің сақталу мәселелері бойынша облыста өнімді сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы үш млн тонна болатын 34 лицензияланған қабылдау кәсіпорны бар.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 5,3 млн тоннаға арналған қойма үй-жайлары бар. Жалпы сақтау сыйымдылығы 8,3 млн тонна. Бұл көлем жиналған дәнді-дақылды сақтау үшін жеткілікті екенін айтады басқарма өкілі.

Сералы МЫРЗАБАЙ