Құрылыс жұмысы ұлт ардақтысы, «Алаш» қайраткерлерінің бірі Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған. Музей ғимаратын жөндеуге облыс қазынасынан 40 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Қазіргі таңда музейдің ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталу шегінде. Қосымша келісім — шарт арқылы кіреберіс баспалдақтары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жолдар (пандус) жөнделуде.

Бұл музейді сырттан келіп тамашалаушылар алғашында аудан орталығындағы еңселі, көрікті ғимарат болғандықтан «мешіт пе?» деп ойлап қалады. Екі жақ қанатындағы қамалдарда Торғай өңірінен шыққан батырлар рухын бейнелейтін (Түркістанда жерленген) 6 найза орнатылған.

«Ел қорғаған бабаларымыздың мұрасын сақтаған киелі мекен музейіміздің ғимаратын жаңғыртып жатырмыз. Бұған дейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов музейдің жағдайын өз көзімен көріп, «тойдың қарсаңында жаңарып қалсын, қандай ұсыныстарыңыз бар?» дегенде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов мырза «музейдің сырт келбетін жаңартайық, төбесін жөндейік деп» ұсыныс берген болатын. Музейіміз жөндеуден өткеннен кейін Торғайдың келбетін келтіретін тамаша ғимарат болады. Ел «музейдің келбеті келіп, реңі еніп қалды» деп алғыстарын айтуда. Төбесінен су аққаннан кейін музейдің іші де көнеріп қалғаны жасырын емес. Облыс әкімі оның да жобалық құжаттамасын әзірлеу жөнінде тапсырма берді»,-дейді Торғай мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекей.
Толығырақ газеттің келесі санында.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Жанкелдин ауданы
