Денисов ауданында жолдар жөнделуде

Денисов ауданында жолдар жөнделуде

Биыл Денисов ауданында жол инфрақұрылымын жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатқа 641 млн теңге бөлінген.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 155,8 км құрайды. Оның 70,3%-і яғни, 109,6 шақырымы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда, қалған 29,7% -і, 46,2 шақырымы қанағаттанарлықсыз.

Аталған жолдардың жай-күйін жақсарту үшін биыл жөндеу жұмыстары қарқын алды. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан аудан әкімі Руслан Қатпаев жол инфрақұрылымына қатысты мәліметтермен бөлісті. Аудан басшысының айтуынша, бүгінде «Денисов – Денисов станциясы», «Денисов – Некрасов», «Перелески – Қырым», «Зааят-Жалтыркөл станциясы» бағытындағы жол учаскелерінде жөндеу жүріп жатыр. Жобаларды іске асыру нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 74% — ға жетеді.

Биыл Денисов ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру жалғасуда. Жоба аясында ауданның бес елді мекенінде — Антонов, Аят, Қырым, Денисов және Зааят ауылдарында жалпы құны 504 млн теңгеге көшелерді жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ, облыс бюджетінің қаражаты есебінен Денисов ауылында 10 көше орташа жөнделуде. Олар: Береговая, Горького, Новая, Нефтебаза, Молодёжная, Фестивальная, Советская, Гагарин. Бұған қоса Перелески ауылының Юбилейная, Центральная атты екі көшесі, Окраинка ауылындағы Клубная көшесі, Приречен ауылындағы Степная көшесі, Свердлов ауылындағы Ленин көшесі, Некрасов ауылындағы екі көше мен елді мекеннің кіре беріс жолы және «Солнечный» лагерінің кіреберісі жөнделуде. Аталған жұмыстарға 900 млн теңге қаражат қарастырылған.

Алыстағы елді мекендердің жолын қалыпқа келтіруді облыс әкімі Құмар Ақсақалов та тапсырған болатын. Бұл бағытқа Денисов ауданының барлық ауылдық округтері белсене кірісті. Мысалы, Аят ауылында соңғы жылдары оң өзгеріс байқалуда. Мұнда 2022 жылы ауылдың кіре берісіне, Рабочая, Новая, Набережная көшелеріне орташа жөндеу жасалған-ды. Игі іс да жалғасуда. Қазір Аят ауылының Степная мен Клубная көшелерін және көршілес Зааят ауылындағы Дорожная көшесін орташа жөндеу жүріп жатыр.

«Жол – өңірлерді байланыстыратын негізгі күретамыр. Сондықтан, біз тұрғындарға қажетті ең басты инфрақұрылым – жол сапасын жақсартуға басымдық беріп отырмыз. Жоспарлы жұмыстар дер кезінде аяқталса аудандағы жақсы жолдардың үлесі артады. Былтырдан бастап Денисов ауылында тротуарларды жайластыру жұмыстары қолға алынды. Биыл 57 млн.теңге сомасына 2,5 км тротуар салу жоспарлануда», – деді Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев баяндамасында.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретте: Аят ауылында жөнделіп жатқан жолдар

Суретті Аят ауылдық әкімдігі жолдады.